Қазақстанда жылына 100 мыңнан астам көлік жинау көзделуде

Қазақстандық автоөндіріс саласы қарқын алып келеді. Жыл сайын көлік нысандарын шығарумен қатар экспорт көлемінің артып келетіні байқалады. Өсім кемінде 15-20% құрайды. Қазақстанның автобизнес қауымдастығының мәліметтеріне сай сатылған 3 көліктің екеуі өзімізде жиналған. Осылайша, биылғы жылдың алғашқы 5 айында ел азаматтары 28,5 мыңға тарта отандық өнімге иелік еткен. Жалпы былтыр елімізде 67 мыңға жуық автомобиль жасалған. Оның ішінде автобустар мен жүк техникасы бар. Сырт елдерге 8 мыңнан астам көлік экспортталды. Қазақстанда жасалған көліктер негізінен Ресей мен Өзбекстан елдерінде сұранысқа ие.

Отандық автоөндіріс саласы жақын арада жылына 100 мыңнан астам көлік шығаруды межелеп отыр. Сондай-ақ көлік түрлерін арттыру көзделуде. Сала мамандарының айтуынша, басты мақсат – елдегі көлік паркін барынша жаңарту. Ол үшін әлеует жеткілікті.

Ербол Сейпілов, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры:

- Бұрын біздің нарықта тек бірнеше ғана бренд болған. Таңдау жоқтың қасы еді. Қазіргі таңда бізде кореялық, америкалық сынды бірнеше елдің көліктері бар. Болашақта тағы инвесторларды тартып, олардың брендтарын отандық автоөндіріске қосатын боламыз. Қазір бізде Trade-in жүйесі бар. Ол өзін жақсы қырынан танытты. Осы жүйе арқылы бірнеше жыл пайдаланылған көлікті сатып алған құнына қайта сатып,  орнына жаңа үлгісін алуға болады. Бұл – жақсы мүмкіндік.