Қазақстандық ғалымдардың кітабы «Springer» баспасынан жарық көрді

Қазақстандық ғалымдардың кітабы «Springer» баспасынан жарық көрді

Қазақстандық ғалымдардың IT бағдарламалау бойынша кітабы жер-жаһанға танымал «Springer» халықаралық баспасынан жарық көрді. Еңбекте Еуразия ұлттық университеті ғалымдарының жаңа технологиялар мен гаджеттер өндірісінде қолданылатын заманауи бағдарламалау тіліне қатысты зерттеулері қамтылған.  Берік Төлеуов пен Әдемі Оспанова бірлесе жазған кітапта осы бағытта еш жерде кезікпейтін бірегей ақпараттар қоры мен тың әдістер жиналған.    

Берік Төлеуов, Л. Н. Гумилев атындағы  ЕҰУ механика-математика факультетінің аға оқытушысы: 

- Біз, мысалы, қазір «Ассамблер»  бағдарламалар тілін жүргізіп жүрміз. Сол жерде осы кітапты қолданып жүрміз. Өйткені  ол жерде өзіміздің оқу үрдісі кезіндегі тәжірибеміз қосылған. Жаңа айтып отырмыз ғой, негізгі артықшылықтарының бірі – қиын орнатылатын ресурсты көп қажет ететін компилятор, яғни, бағдарламаны оңай орнатуға болады. Менің қалтамда флеш-диск бар. Осыған жазылған. Мен мынаны компьютерге салып, ештеңе орнатпай-ақ, жұмыс істей бастауыма болады. Бұл жағынан алғанда коммерциялық потенциалы да бар.  

Бұл кітап, тек бағдарламалар орнату немесе онымен жұмыс істеу туралы ғана емес. Одан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік бағыты туралы да жан-жақты мәлімет береді. Авторлардың мақсаты – болашақта ақпараттық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін мамандарға заман талабына сай білім беру.  

Әдемі Оспанова, Л. Н. Гумилев атындағы  ЕҰУ ақпараттық технологиялар факультетінің аға оқытушысы: 

- Мұндай құралды қалай аламыз, онымен қалай жұмыс істейміз деген сұрақтарға жауап бар. Жалпы, бұл ғылыми есеп үшін де, криптография үшін де аса қажет оқулық. Криптография болса, ақпараттық қауіпсіздіктегі маңызды бір бағыт. Оның негізі математикадан бастау алады. Сәйкесінше, криптография үшін бағдарламалау тілі де керек. Сондықтан, осы салада білім алатын немесе жұмыс істейтін жандар үшін бұл кітаптың пайдасы орасан-зор.