Қазақстандық тұлпар Дубай кубогына бапталып жатыр

Қазақстандық тұлпар Дубай кубогына бапталып жатыр

Қазақстандық сәйгүлік 30 наурыз күні Дубай кубогына қатысады. Қазір Қабірхан дүбірлі додаға қызу дайындық үстінде. Оны әлемнің ең үздік атбегілері баптап жатыр. Біздің түсіру тобымыз аламанға қамдап жүрген мамандардан эксклюзивті сұхбат алды. Олар тұлпардың бабы жақсы екенін айтады. Таза қанды ағылшын тұқымы құнарлы азықпен қоректенеді. Аптаның алты күнінде қызу жаттығулар жүрсе, тек дүйсенбі демалады.

Пат Доббс, жокей:

– Оның ерекшелігі қандай десек, мүмкіндіктерін тізе берсек жетіп артылады. Оның шабысы жақсы. Орташа жылдамдығы өте жоғары. Мұндай қасиет аттардың бәрінде бірдей кезіге бермейді. Оның жүйрік сәйгүлікке тән қасиеттері көп. Өзге жылқылармен салыстырса оқ бойы озып тұрады. Қабірханның тұқым-тұрпаты да бөлек.

Еске сала кетейік, Қабірхан бұған дейін Дубай кубогының екі топтық кезеңінде оза шауып, бар қарсыласын шаң қаптырды. Комментаторларлар қазақстандық тұлпарды Геннадий Головкин, Криштиану Роналдумен салыстырып, әлемнің ең  жылдам көлік брендтеріне теңеді. Майталман атбегілер Қабірханға 100 жылда бір туатын жүйрік деген баға берген. Себебі, бұл жаһан деңгейдегі аса ірі әрі беделді жарыс. Бәйгенің жүлде қоры да қомақты. Дүниежүзінің тұяғы сүрінбеген мықты арғымақтары сыналады. Яғни, Қабірханды алда ақтық сынында кілең жүйрікпен бас жүлдені сарапқа салатын маңызды бәйге күтіп тұр. 

Даг Уотсон, атбегі:

– Менде өмірімде бұндай ат болмаған. Өйткені бұл Қазақстан намысын қорғайтын сәйгүлік, иесі де Қазақстан азаматы. Оның атағы Дубай асып, бүкіл әлемге танымал болды десем артық айтпаспын. Twitter, Instagram, Facebook сынды әлеуметтік желілерді ашсақ бәрі оны жеңісі мен қасиеттері жайында жарыса жар салып жатыр. 2 наурыздағы шағын жарыстан кейін  Әлем Кубогына қатысады. Біз оның бағы жанғанын қалаймыз. Қалай дегенмен бұл дүбірлі бәйгеге қатысудың өзі оны әлемнің ең үздік сәйгіліктерінің қатарына қосылуына жеткілікті болады.