Қазақстандықтар жаңа құрылатын облыстар туралы жаңалықты қызу талқылауда

Қазақстан картасында үш облыс пайда болатыны туралы жаңалықты тұрғындар қуана қабыл алып, қызу талқылап жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «ұланғайыр жеріміздің байырғы атаулары мен ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз» деп атап айтты. «Бұл – тарихқа құрмет қана емес, жергілікті басқару ісіндегі оңтайлы шешім», – дейді тұрғындар.

Блиц:

- Бұл – жалпы Семей жұрты үшін, Абай елі, Алаш жұрты үшін қуаныш. Уақытылы қабылданған шешім әрі тарихи тұрғыдан өте әділ шешім деп есептейміз.

- Семей қаласына бұл өте жақсы жаңалық, шаһардың дамуына жақсы ықпалын тигізеді деген ойдамын.

- Екіге бөлінудің де реті келіп тұрған сияқты. Өйткені Алматы облысы – бүкіл республика көлеміндегі ең үлкен облыстардың бірі. Бұл жаңадан жаңғырудың алғышарты, лебі деп есептеймін.

- Қапшағай қаласына Қонаев атамыздың есімін беру – құптарлық іс. Көзінің тірісінде Қазақстанның тамырына қан жүгірткен тұлғамыз ғой.

- Жеке дара облыс болса, жеке дара дамиды. Елге бір үлкен экономикалық тұрғыда болсын, қай саласын алсақ та, бір пайдасы тиер. Дамуға жол ашады деп ойлаймын.

- Бұл идеологиялық тұрғыдан дұрыс деп ойлаймын. Өйткені біз «Ұлт ұясы – Ұлытау» дейміз. Бұл іс жүзінде осылай болу керек еді.