Қазақстан Оңтүстігінде жауынгер әйелдің қорымы табылды
Еліміздің оңтүстігінде жауынгер әйелдің сүйегі табылды. Археологтар ақсүйектер өкілі біздің дәуірімізге дейінгі XI ғасыр мен біздің заманымыздағы IV ғасырда аралығында өмір сүрген деп болжам жасап отыр. Ол қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген көшпенділер тайпасын басқарған болуы мүмкін. Ғалымдар елімізде қаруланған әйел қорымы бірінші рет табылып отыр дейді. Сондай-ақ, қабірден жебе, садақ, қанжар шыққан. Қазба жұмыстары кезінде алтын жалатылған моншақтар, қоладан жасалған зергерлік бұйымдар да табылды. Профессор Александр Подушкиннің айтуынша, әйел адамның сүйегі кем дегенде 17 ғасыр бойы жерде жатқанымен, жақсы сақталған.
Александр Подушкин, археолог, профессор:
– Қорымның диаметрі 22 – 25 метр. Бұл жерге атақты адамның жерленгенін оның өлшеміне қарап айтуға болады. Ол белгілі бір топтың қолбасшы әйелі де болуы мүмкін. Қазақстанның оңтүстігі этникалық сарматтардың аумағы болып саналмайды. Дегенмен, біздің материалдарымыз ежелгі халықтың бұл тобы, яғни азиялық сарматтар деп аталатын сармат тобы Оңтүстік Қазақстан аумағында болғанын растайды. Бұл – маңызды ғылыми ақпарат.
Сонымен қатар көрші қорымда тағы бір ежелгі әйелдің обасы табылды. Бірақ тарихшыларды оның жеке заттары, яғни қола айна мен инешек қызықтырды.
Екатерина Асадчева, студент:
– Айна адамның бейнесі сияқты. Бірақ адамдар оны сындырып салған. Белгілі бір жерлеу рәсімі болса керек.
Сондай-ақ, 2 мың жылдық тарихы бар тақта да археологтардың назарын аудартып отыр. Қыш кестесі Күлтөбе қалашығынан табылған. Бұл – экспедицияның 26-ыншы олжасы.
Археологтардың пікірінше, табылған заттар ежелгі көшпелі халық өркениетінің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Жәдігерлер Қазақстанның ұлттық мұражайына өткізіледі. Ал, қазба жұмыстары жүргізілген аумақ бастапқы қалпына келтіріледі. Тарихи ландшафт сол кезге сәйкестендіріледі.