Қазақстанға 4 Тұран жолбарысы әкелінеді
Алдағы уақытта Іле–Балқаш мемлекеттік табиғи резерватында 50-ге жуық жолбарыс мекендейтін болады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді. Қазір қорық аумағында 2 Амур жолбарысы жүр. Жыртқыш аңдар 2024 жылы Нидерландыдағы зоопарктен жеткізілген. Биыл резерват аумағы тағы 4 жолбарыспен толықпақ. Нидерландыдан бөлек, көршілес Ресей елі де Амур жолбарыстарын Қазақстанға сыйға бермек. Ресми ақпаратқа сәйкес, екіжақты келісім аясында 4 Амур жолбарысын жеткізу 2026 жылдың бірінші жартысына жоспарланған. Жалпы, Қазақстан – Тұран жолбарысының тарихи мекені. ХХ ғасырдың бірінші жартысында бұл жыртқыш Орта Азия аумағында кең таралған еді. Айта кетейік, осыдан 9 жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары бірлесіп, ел аумағында жойылып кеткен Тұран жолбарысын табиғи ортаға қайта жерсіндіру бағдарламасын әзірлеген. Сол сәтте жабайы мысықтарға қолайлы мекен ретінде Іле–Балқаш қорығы таңдалған. Жыртқыштардың қоректік базасын қалыптастыру үшін 119 құлан әкелініп, 200-ден астам Бұқар бұғысы жіберілген. Сондай-ақ жабайы қабан мен қарақұйрық саны да көбейген.

