Қазақстанның академиялық тарихының жеті томдығы жарық көреді
Ұлттық цифрлық мұра қоры құрылады. Алдағы 2 жылда жүзден
астам мәдени нысан жаңартылады. Ал жыл соңына дейін Қазақстанның жаңа
академиялық тарихының жеті томдығы жарық көреді. Мемлекет басшысы Ұлттық
құрылтайда мәдениет пен өнерді мемлекеттік саясаттың стратегиялық өзегі ретінде
айқындады. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар қолға алынбақ.
Ең әуелі өңірлердегі мәдени инфрақұрылымдарға мән
беріледі. Алматы облысында, Абай мен Ақтөбе өңірлерінде жаңа театрлар ашылады.
Шымкентте опера және балет театры бой көтермек. 1 ғасырлық тарихы бар Мұхтар
Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма да биыл толық жаңғырады. Жалпылай айтқанда, алдағы екі жылда ел
көлемінде жүзден астам мәдениет ошағы жаңарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық
балалар мен жасөспірімдер театры да жаңғыртылады. Бұдан бөлек, екі жылдың
ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді.
Музей ісін дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Президент
Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін үлгі ретінде көрсетті. Заман
талабына сай жабдықталған орталықта музей жұмысының тың тәсілдері қолданылып
отыр. Сондықтан президент бұл тәжірибені өзге өңірлерге енгізуді тапсырды. Осы
Сыр өңірінде жаңа драма театры мен заманауи кітапхана салу көзделіп отыр. Ал
Астана мен Алматыда бой көтеретін президенттік кітапханалар ұлттық тарих пен
мәдениетті танытатын рухани орталыққа айналуы тиіс. Сондай-ақ, президент қазақ
өнері мен киноларының халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлем елдері қазіргі қазақ өнерін ерекше құбылыс деп
бағалайтын болды.
Кино саласы да дамып жатыр. Жас ұрпақтың ұлттық
бірегейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұртына танытуы – зор
мақтаныш. Жастардың күш-қуаты мен ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы
кез-келген салаға зор серпін береді. Сондықтан біз өскелең ұрпаққа әрдайым
жан-жақты қолдау көрсетеміз.
Ұлттық мұраны әлемге таныту - мәдени саясаттың маңызды
бағыты. «Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енуі
соның айғағы. Ал биыл Пусанда өтетін комитет отырысында Маңғыстаудың жерасты
мешіттерін дүниежүзілік мұралар қатарына қосу мәселесі қаралады. Президент бұл
бағыттағы жұмысты тоқтатпау керектігін айтты.
Мақсат Алпысбес, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
- Маңғыстаудағы жерасты мешіттер ол біздің Орта Азиядағы діни ілім аясында қалыптасқан мәдени кешен.Ол жерде біз қазақ даласындағы орын алған сопылық діни ілім. Қазақстан жерінде ислам мәдениетінің өзіндік бет-бейнесі қалыптасқандығын айғақтайтын бірден-бір мәдени кешен.
Мемлекет басшысы «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын
қолдады. Бұл бастама тарихи жәдігерлерді цифрлық форматқа көшіріп, ғылыми
айналымға енгізуге жол ашпақ. Сонымен қатар, президент тапсырмасымен Алтын Орда
тарихын жүйелі зерттеу жалғасады. Жошы хан туралы көпсериялы деректі фильм
халықаралық платформаларда көрсетіледі. Ал жыл соңына дейін Қазақстанның жаңа
академиялық тарихының жеті томдығы жарық көрмек.

