Қазақстанның ІЖӨ 4,5% өсті

Нақтылар болсақ оның көлемі соңғы 5 айда 4,5 % құраған. Аталған кезеңде құрылыс, сауда, байланыс пен ақпарат салаларында да көрсеткіш айтарлықтай артқан. Еліміздің қаңтар-мамыр аралығындағы экономикалық даму қарқыны Үкімет отырысында қорытыланды. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жыл басынан бері республиканың негізгі капиталына инвестиция құю 17% артқан. Сонымен қатар көлік және қоймалар саласына қаржы бағыттау елу проценттен астамға, АӨК-ге 30% шамасында, ал өнеркәсіп саласына 16%-ке  өскен. Құрылыс саласының қорытындысы да көңіл көншітерлік. Жыл басынан 5,5 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 15 %-ке жоғары.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Қостанай облыстарында байқалды. Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 3,5%-ке ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары көрсетті. 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай: Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 8 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды.