Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда айналымы 20% артты

Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда айналымы 20% артты

Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы өткен жылы 20% артып, 61 млрд долларға жетті. 20 жылдан астам уақыт ішінде қатысушы мемлекеттер арасындағы аймақішілік сауда 100 есеге жуық өсті. Алда сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мен дамыту маңызды. Бұл туралы Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Үкімет басшылары кеңесінің 22-ші отырысында Республика Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- «Электрондық сауда келешегі зор салалардың біріне айналып отыр. Түрлі бағалаулар бойынша, ШЫҰ елдерінде электрондық сатудан түскен жалпы табыс биыл шамамен 1,5 трлн долларды құрауы мүмкін. Біз ең әуелі, кедендік рәсімдерді жеңілдету арқылы, электрондық коммерцияны қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Осы мақсатта ШЫҰ елдерінің кеден органдары басшыларының кезектен тыс отырысын өткізуді ұсынамын.  Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жаһандық жобасын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Қазақстан жүк транзитін арттыруға және «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржол қатынасының табысты жұмыс істеуіне мүдделі.

Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру ынтымақтастыққа серпін береді. Үкімет басшысы өңірде қолжетімді халықаралық бағыттарды ескере отырып, жаңа оңтайлы тәсілдерді әзірлеу туралы ұсыныс айтты. Өзара тиімді ынтымақтастықтың тағы бір маңызды факторы – заман ағымынан қалыспау. Бұл Ұйым елдері экономикасының технологиялық дамудың жаңа деңгейіне көшуін жеделдетуді қажет етеді.  Премьер-министр Әлихан Смайылов қатысушыларды 2024 жылдың ақпан айында өтетін Digital Almaty цифрлық форумына қатысуға шақырды. Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде цифрлық хабты қалыптастыруға арналады.