Қазатомөнеркәсіп минералдық шикізат базасын кеңейтті

Қазатомөнеркәсіп минералдық шикізат базасын кеңейтті

Қазатомөнеркәсіптің әлемдік уран нарығында үлесі зор. Компания кен орындарын кеңейту мақсатында геологиялық барлау бағдарламасын іске қосты. Бұл елдегі минералды-шикізат базасын толықтырды. Ал, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарында уранның минералды ресурстары 89 мың тоннаға артты. 

Қазатомөнеркәсіп геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Жақында «Инкай» кен орнының №3 учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығын алып, еншілес ұйымы – «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» кәсіпорнына берді. Бұл жердегі уран қоры 83 мыңнан астам тоннаға бағаланып отыр. 

Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

– Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде «Жалпақ» кен орнының «Шығыс» учаскесін барлау құқығын алды. Болжамды уран қоры 30 мың тоннаға дейін жетеді. Сондай-ақ, «Инкай» кен орнының №2 учаскесіндегі барлау мерзімі ұзартылды. Бұл қадамдар уранға деген өскелең әлемдік сұранысты қанағаттандыруды көздейтін  стратегиямызды нығайтады.

Биыл жарты жылда Қазатомөнеркәсіптің кірісі 13%-ға өскен. Ал таза пайда 27%-ға артып, 283 миллиард теңгеден асқан. Сондай-ақ офтейк-шарттар жүйесін белсенді дамытып, отандық тауарлар көлемі ұлғайған.