«Келешек мектеп»: 1200 орындық білім ордасы ашылды
Алматы тағы бір заманауи мектеппен толықты. Яғни, Наурызбай ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен 1200 орындық жаңа білім ордасы салынып, оқушылар үшін есігін ашты. Мұнда оқу үдерісі толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ашылу салтанатына оқушылар мен ата-аналар қатысып, алғашқы қоңырау соғылды. Заманауи мектеп қаладағы өсіп келе жатқан сұранысты өтеуге арналған.
21 мың шаршы метрлік мектепте 60-тан астам кабинет, STEM-зертханалар, робототехника және биотехнология бағыттары қарастырылған. Сондай-ақ, өнер және спорт инфрақұрылымы толық қамтылған. Қауіпсіздік үшін Face ID, бейнебақылау камерасы мен электронды кіріп-шығу жүйесі орнатылған.
Жеңіскүл Сатаева, Наурызбай аудандық №223 мектеп директоры:
- Қазіргі таңда 1147 оқушы, 70 мұғалім қабылданды. Бүгін мектеп өз жұмысын бастап кетті. Алдағы уақытта біз енді портал арқылы келетін тұрғындарды қабылдай аламыз. Жаңа форматтағы тігін, дизайн бөлмелері, ағаш өңдеу мастерскойлар, шеберханалары, сонымен қатар нанотехнология, биотехнология, химияға арналған керемет жаңа форматтағы бөлімдерді қабылдап отырмыз.
Бүгінде Наурызбай ауданында мемлекеттік мектептер саны 17-ге жетті. Соңғы жылдары мектеп орын тапшылығы 5 жарым мыңнан 1,5 мыңға дейін қысқарған. Жаңа білім ордасы аудандағы мектеп жүктемесін азайтуға бағытталған.
Шыныбек Шалқарұлы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Енді сол жаңа мектепті күткенімізге 7 жыл болды. Негізінде осы мектепке мен өзім екі немеремді алып келіп оқытуға ниеттеніп отырмын. Бүгін бірінші ашылу күні, ертеңнен бастап алып келеміз.
Алматыда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында келер жылы тағы 7 жаңа мектеп ашылады. Қазір мегаполисте 35 мың оқушыға арналған 21 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 13-і пайдалануға беріліп, 23 мың бала жаңа форматтағы мектептерде білім алуда.

