Ұлттық кітап күні аясында үздік оқырмандар марапатталды
Ұлттық кітап күнінде үздік оқырмандар марапатталды. Ойы озық, оқуға құштар отбасылар анықталды. Сондай-ақ, «кітапқұмар студент», «креативті оқырман», «жылдың үздік оқырманы», «кітапхана жанашыры» атты номинациялар бойынша жүлделер тапсырылды. Олармен тілшіміз Құндыз Маршал танысып қайтты.
Алтынгүл Райханқызы бүгінгі шараның
жеңімпазы. Бес жылдан бері отбасымен бірге кітапхананың тұрақты оқырманы.
Әдебиеттің арқасында өзінің дүниетанымы кеңіп, балаларының да білім деңгейі
көтерілді,- дейді.
Алтынгүл Райханқызы, «Үздік отбасылық оқырман» номинациясының жеңімпазы:
- Осы номинацияны алғаныма өте қуаныштымын! Өте көп оқулықтар оқимыз. Мен
өзім педагогпын. Шәкірттерімді әкелем бұл жерге.
Соңғы екі жылда Елордада 25 кітапхана бастан-аяқ жөнделген. Олардың қоры
800 мыңнан асты. Биыл да зерттелген және сараптамадан өткен жақсы талапқа
сәйкес әдебиеттермен толықпақ.
Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
– Жаңадан 9 кітапхана ашылды. Жалпы қаламыздың библиотекалық жүйесінде 25
кітапхана жұмыс жасап жатыр. Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша 900 мың оқырман
келіп, білім алып, өзінің ізденістірін тауып жұмыс жасап жатыр.
Мәдени шара аясында ауқымды кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Мұнда отандық
және әлем әдебиетінің жаңа басылымдары, сирек кітаптар мен мерейтойлық
авторлардың еңбектері ұсынылған. Жалпы экспозицияға 300-ден астам кітап
қойылған.
Зулфухар Гаипов, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы:
- Кітап мерекесі құтты болсын! Астана әкімдігі мен астана жұртшылығы үлкен үлгі болатындай істер атқарып жатыр. Осының бәрі еліміздің болашағы үшін атқарылып жатқан тірліктер.
Кітап оқу тек білім көзі ғана емес, ұлттың рухани қазығы. Ал мұндай
бастамалар оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайта түседі.

