Оқушылар жапон әдісімен математиканы меңгеріп жатыр
Елордада
оқушылар жапон әдістемесімен математиканы меңгеріп жатыр. Kumon деп аталатын
жүйе шағын тапсырмалар арқылы күрделі есептерді шығаруды үйретеді. Ең қызығы,
оқушылар оған күніне небәрі 15 минут жұмсайды. Пилоттық жоба екі ай бұрын
басталған. Осы уақыт ішінде-ақ балалардың қызығушылығы артып, алғашқы
нәтижелерін көрсетіп жатыр.
Жапон әдістемесі
алғаш боп, елордадағы №109 Келешек мектебіне енгізілді. Пилотқа 3-сыныпта
оқитын 40-қа жуық бала қатысып жатыр. Оқушылар оқуға күніне небәрі 15 минут
уақыт бөледі. Олар барлық тапсырмаларды планшетте өз бетінше орындайды. Ал
тапсырмалар әр оқушыға оның қабілетіне қарай жеке таңдалады.
Мақпал Жеңісова,
Бастауыш сынып мұғалімі:
- Негізгі
ерекшелігі - баланың жылдам есептей білу қабілетін арттыру, балаға сабақ
үстінде мотивация беру. Бала нәтижесін бірден көре алады, сол бойынша қатемен
жұмыс та жасай алады.
Ата-аналар да
мәз. Бұрын математикадан басын ала қашатын балалар қазір тапсырмаларды
ынта-ықыласымен орындайтын болған.
Бота Қарабаева,
Ата-ана:
- Балам
қатысқалы барлық жағынан оң өзгерістерді байқап жатырмын. Кез келген есеп,
тапсырма болсын, өзіне деген нық сенімділікпен кірісетін болды.
Бұл жобаға
Chevron және Inpex компаниялары қолдау көрсеткен. Жапондық оқу әдісі бүгінде
60-тан астам елде қолданылады. Компания өкілдері оның Қазақстанда да жақсы
нәтиже беретініне сенімді.
Дилан Морган,
«Шеврон Евразия» вице-президенті:
- Біз үшін бұл
бағдарлама маңызды, өйткені ол балалардың математика мен ғылымға қызығушылығын
арттырады және болашақта Қазақстанда инженерлер мен ғалымдардың көбейуіне ықпал
етеді.
Кумон әдістемесі
3-тен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Жапондық жүйе мектеп бағдарламасын
алмастырмайды, керісінше толықтырады. Пилоттық жоба ақпан айына дейін
жалғасады. Оң нәтиже көрсетсе, әдістеме еліміздің барлық мектептеріне енгізілуі
мүмкін.

