Кибербуллингке қатысты арнайы заңның жоқтығы жауапкершіліктен босатпайды
Елімізде кибербуллингке қатысты заң жобасы әзірленуде. Алайда әзірге арнайы құжаттың жоқтығы жауапкершіліктен босатпайды. Ғаламтордағы әлеуметтік желілер арқылы қорлау немесе жала жапқан азамат қолданыстағы қылмыстық кодекс бойынша жауап береді. Мәселен, соттың қызметіне араласып, істің шешімі шықпай, қоғамды арандатқан үшін 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл қарастырылған. Немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық және тәртіптік жұмыстарға тартылады. Тіпті айыпты тұлғаның 2 жылға дейін бас бостандығы шектеліп, темір торға тоғытылуы мүмкін.
НАДЕЖДА ЯНЧУК, «АР-БЕДЕЛ» КИБЕРҚАУІПТІЛІКТІҢ КЕЗ КЕЛГЕН КӨРІНІСТЕРІМЕН КҮРЕСУ ҚОРЫНЫҢ СОТ ТӘЖІРИБЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
- Кибербуллинг жайында әңгіме қозғаған кезде Қылмыстық кодекстің тағы бір бабына тоқталып кетпесек болмайды. Ол 411 бап. Ол судьяға қатысты жала жабу бойынша қолданылатын жауапкершілік түрлерін қамтиды. Бұл норма екі бөліктен құралған. Оның бірінде алқабилер отырысының судьяларына қатысты жала жабу фактісі үшін қолданылатын жаза. Ал екінші бөлігінде прокурор, сот сарапшысы сынды заң қызметкерлеріне қатысты жалған жалалар мен қорлауға байланысты жауапкершілік түрлері қарастырылған. Алайда аталмыш нормаға сай ескере кетерлігі, жаза тек қана қарастырылып жатқан іске қатысты жала жабу бойынша ғана қолданылады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов