Мектеп бітіру шарасын өткізудің бірыңғай тәртібі енгізілсін – депутат

Мектеп бітіру шарасын өткізудің бірыңғай тәртібі енгізілсін – депутат

Мектеп бітіру рәсімін өткізудің бірыңғай тәртібі енгізілмесе, арты нағыз дарақылық пен даңғазалыққа ұласып кететін түрі бар. Мәжілісмен Жарқынбек Амантайұлы осылай деп бүгін депутаттық сауалында Үкіметке ұсыныс тастады. Биыл 3,9 млн оқушы оқу жылын аяқтаған. Соның 215 мыңнан астамы 11-сыныпты бітіріп, үлкен өмірге қадам басқандар. Бірақ биылғы мектеппен қоштасу салтанаты нағыз гүлдер мен кортеждер сайысына айналғаны әлеуметтік желіден-ақ көрінді. «Бұл барып тұрған дарақылық әрекеті», – дейді депутат. Сондықтан мәжілісмен бұл үрдіске қазірден тосқауыл қойылмасақ, кейін өкінішке ұласуы мүмкін екенін айтады. Өзгеден қалып қоймау үшін баласына бағалы сыйлықты қарызға, тіпті несиеге алған отбасылар болыпты. Демек, келешекте мұндай жағдай қайталанбас үшін Қазақстандағы 7 мыңға жуық мектептің бәріне бірдей біркелкі тәртіп енгізу қажет деп есептейді.