Киік санын реттеудің жаңа тәсілдері қарастырылады

Табиғат жанашырларының құлағына алтын сырға 80 мың бас киікті атуға қатысты ғылыми негіздеме қайта қаралады. Отандық ғалымдар бұл киелі жануарлар санын  реттеудің өзге баламалы жолдарын іздеуге кірісті. Арнайы баспасөз мәслихатында экология, геология және табиғи ресурстар министрі бұл бағытта ғылыми зерттеуді тереңірек жүргізу қажет деген қорытындыға келгендерін мәлімдеді. Яғни, осы дала жауһарларының  көші-қон жолдары, тіршілік ету ортасы мен жем-шөп базасы толық зерделеніп, кешенді түрде бағаланатын болады. Ақбөкен тұқымының тағдырына қатысты нақты шешім осы жұмыстардың нәтижесінен кейін қабылданады деді, министр.

Серікқали Брекешев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Дегенмен, ақбөкен популяциясы басқарусыз шексіз өсіп, тұрақты өмір сүре алмайтындығын түсіну керек. Біріншіден, жем-шөп ресурсы шектеулі, екіншіден, киікке тән әр түрлі   ауру, эпизоотия салдарынан жаппай қырылу. Киікті сақтау үшін - арнайы қорғауды жалғастыра отырып, мүмкін болатын мөлшерін ұстап тұру неғұрлым орынды мәселе. Мұндай популяцияны басқару мұқият дайындықты қажет етеді. Сондықтан, біз Зоология институтымен терең зерттеу жұмыстарын бастаймыз және қорытындысын, әрине, жариялаймыз. Бұл жұмыс – бір-екі  жылға созылуы мүмкін.

Бұл орайда айта кетерлік жайт, киік-Қызыл кітапқа енгізілмеген аңшылық түрге жататын жануар. Алайда ел аумағында оны аулуаға  тыйым салын. Соңғы 20 жылда  қатары күрт артып 21 мыңнан 1 миллион 318 мың басқа жетті. Қазір әлемдік популяциясының 95% Қазақстанды мекен етеді. Оны сауатты басқару үлкен міндет екенін саланың жауапты мамандары мемлекет басшысының сынынан кейін ғана түсінген сыңайлы.