Қоқыс мәселесі ушығып тұр: Үкімет басшысы бірқатар өңірге ескерту жасады

Қоқыс мәселесі ушығып тұр: Үкімет басшысы бірқатар өңірге ескерту жасады

Биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елімізде 18 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Жалпы 1 250 экологиялық іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 800 мың тонна қалдық жиналған. Ол туралы Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген кеңесте айтылды. Бастаманың негізгі бағыттарының бірі – қалдықтарды өңдеу. Қазір қоқысты кәдеге жаратуға қатысты жалпы құны шамамен 89,4 млрд теңге 22 жоба жүзеге асырылып жатыр. Тағы 40 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша 100 полигон салу жоспарланған. Бұдан бөлек, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 3 қоқыс өртеу зауыт салынады. Абай және Ұлытау облыстарында жұмыс қарқыны баяу. Өңірлерде полигондардың 36% және 53%-ы ғана жойылған. Олжас Бектенов тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты жағдайды түзету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Жетісу облыстарының әкімдіктері жыл соңына дейін заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстарын аяқтауы қажет.

 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасы кең ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Мәселе тек ағаш отырғызу және қоқыс тазарту туралы болып отырған жоқ. Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіру, жайлы да таза қоршаған орта қалыптастыру ісіне әрбір адамның белсенді қатысуы – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі болуға тиіс. Табиғи байлықты сақтау, ауа мен судың тазылығын қамтамасыз ету, ресурстарды ұтымды пайдалану – біздің алдымызда тұрған басым міндеттер.

Отырыста Президенттің орман қоры аумағында 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы жеке мәселе ретінде қаралды. Келесі жылдың басында сыйымдылығы жылына шамамен 6 млн көшет егуге жететін орман тұқымын өндіру бойынша жаңа 6 кешеннің құрылысы басталады. Бұл бағытта Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында ағаш отырғызу және тұқым жинау бойынша кемшіліктер бар.