Көне шаһардан табылған күміс теңге көмбесі

Көне шаһардан табылған күміс теңге көмбесі

Қазалыдағы көне Жанкент шаһарынан күміс теңге көмбесі табылды. Тарихи олжа Түркі академиясы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының бірлесіп жүргізген зерттеу жұмыстары кезінде ұшырасқан. 

Жанкент – оғыздардың астанасы болған орта ғасырларлық шаһар. Кезінде Еуропа мен Азияны жалғаған, тіршілігі қайнаған қала қазір мүлгіп жатыр. Жым-жырт. Десе де, топырағын түртсең, тарих сөйлейді. Құндылыққа тұнып тұр. Жалпы үйiндiге айналған шаһарды зерттеу жұмыстары 2005 жылы басталған. Содан бері сом дүниелер табылды. Бұл жолғы зерттеу барысында ғалымдар күміс теңгелер көмбесіне кезігіп отыр.

Сейдалы Біләлов, Ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі:

- Бір қызығы Оғыз билеушілері Хорезмшах монеталарының бетінен қайта теңге соққан. Яғни өзінің билеушінің атын, билеген жылдары жазылған. Алдын ала қол жеткізген нәтижелеріміз осыны көрсетіп отыр. Нуизматтар сурет арқылы осылай айтып отыр. Енді монеталарды белгілі нуизматтарға жіберіп оданда қызық мәліметер аламыз деп отырмыз.

Көне шаһардан табылған күміс теңгелердің көбі көнерген. Уақыт көші әбден мүжіп тастағаны бірден байқалады. Дегенмен, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпесі белгілі. Ғалымдар таза «құйма күміс» деп топшылап отыр. Бұл Жанкентте сауда-саттық пен өркениеттің өрісті болғанын айғақтайды. Орта ғасырлық ордада бағалы монеталардан бөлек керамикалық бұйымдардың бірнеше үлгісі табылған.

Шаһин Мустафаев, Түркі академиясының президенті:

- Жанкент шаһары жай ғана археологиялық орын емес ерте орта ғасырларда Ұлы жібек жолының бойындағы маңызды қала. Еділ-Жайық, Каспий мен Хорезм арасындағы саяси, сауда және мәдени байланысты арттыратын орталықтың бірі болған. Қазба жұмыстарынан алынған археологиялық олжалар Жанкентте орта ғасырларда дамыған қала құрылымы болғанын дәлелдейді. Қазба жұмыстары барысында табылған оғыз-қыпшақ мұрасы түркі әлемі мәдениетінің ортақ екендігін көрсетіп отыр.

Көне шаһарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және Этнография» ғылыми-зерттеу орталығы 2014 жылдан бастап зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ал, осыдан екі жыл бұрын Түркі академиясының ғалымдары да бұл іске білек сыбана кірісті. Айта кетейік, Жанкент қалашығының жалпы аумағы 17 гектардан асады. Бүгінге дейін небәрі 3 мың шаршы метрден астам аумаққа зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. Демек, қойнауы құтты мекеннің әлі бүккен сыры көп.