«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балетінің премьерасы «Астана Балет» сахнасында өтеді
Жақсылық пен жамандық, махаббат пен өшпенділік, адалдық пен сатқындық – қоғамда ешкімді бейжай қалдырмайтын тақырыптар. «Астана Балет» театры талғампаз көрермен назарына қос ғашықтың қайғылы махаббат дастаны «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» спектакліне әзірлік үстінде. Қазақ аңызының хореографиялық интерпретациясы сахнада алғаш рет қойылатынын атап өткен жөн. Либретто авторы, қоюшы балетмейстер, режиссер – Георгий Ковтун. Ол елордалық балет театрында бір айдан астам уақыт бойы өз шығармашылық тобымен бірге дайындық жұмыстарын жүргізуде.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» – «Астана Балет» группасына арнайы әзірленген қойылым. Өз кезегінде театр ұжымы репертуарында қазақы нақышта безендіріліп, ұлттық мәнердегі би композицияларына қанық осындай халықтық ырғақтағы хореографиялық туындының пайда болғанына қуанышты.
Айнұр Әбілғазина, «Астана Балет» театрының жетекші солисі:
- Мен Баян Сұлу рөлін сомдаймын. Шығармашыл адам, әртіс ретінде өзімді жаңа рөлде сынап көру, жаңадан өзімді басқаша қырымнан тану мен үшін қызық. Қазір күнделікті тынымсыз жұмыстар жүріп жатыр. Театр бір демде, бір ырғақта жұмыс істеуде. Сахнадағы сценография мен декорация қойылып, әртістерге костюмдер тігілуде. Яғни осындай қысқа ғана мерзімде үлкен, екі актілі қойылымды дайындаудамыз. Өте ауқымды, хорегографиялық жағынан да өте қиын қойылым. Қазір дайындық жұмыстарының соңғы кезеңіндеміз деуге болады. Басында әр картина бөлек қойылды ғой, енді оның барлығы бір үлкен қойылымға жиналып жатыр.
Айта кетейік, екі актілі бірегей қойылым ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арнайы дайындалып, өнерсүйер қауымның назарына 2-3 шілде күндері ұсынылады.
Авторы: Ақзер Сегізбай