Қосшыда жаңа емхана ашылды

Қосшыда жаңа емхана ашылды

Қосшы қаласында енді жеке емхана бар. Бұған дейін 150 мың халқы бар шағын шаһардың басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындары 300 шақырымды асырып, Көкшетауға сабылып жүретін. Жаңа әлеуметтік нысан бір ауысымда кемі мың адамға қызмет көрсетуге қауқарлы. Әрі барлық медициналық құралдар соңғы үлгіде жабдықталған. Енді жыл соңына дейін емханаға іргелес аурухана да салынбақ. Жаңа емхананың ішкі тынысын әріптесім Сүндет Оралбек көріп қайтты.

 

Сүндет Оралбек, тілші:

- Бұл Қосшы қаласында бой көтерген жаңа емхананың заманауи зертханасы. Дәл осы жерде қан талдауларының барлық түрі жасалады. Осындай құрал-жабдықтар нәтижені ұзақ күттірмейді, тез дайындап берелі. Енді дертіне дауа іздеген тұрғындар басқа қалаға сабылып, әуре болмайды. Бұл емханада Медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді.


Осыған дейін шаһарда бір ғана Мемлекеттік медициналық ұйым болған. Қала тұрғыны Баян Макишева дәрігерге қаралу үшін апталап кезек күтетін едік дейді. Шаһар жұртын толғандырған мәселенің шешілгеніне дән риза. Ат арытып алысқа бармайтын болдық деп қуанады.


Баян Макишева, Қосшы қаласының тұрғыны:

- Осыған дейін бізде бірінші поликлиника болды. Кішкентай еді. Бәріміз кезек күттік. Дүйсенбі жазылсақ келесі жұмаға, келесі айға қалып отырды. Оны күтпей халық Астанаға барып жүрді. Жекеге қаралдық. Бөлімшелердің, этаждардың барлығын көріп қуанышым қойныма сыймай тұр. Алғысым шексіз.


Медициналық нысанның құрылысы Президент тапсырмасымен 2024 жылы басталған, Жоба толықтай жеке инвестордың қаржысымен салынған. Оған шамамен 30 млрд теңге жұмсалыпты. Сол инвестордың қолдауымен алдағы уақытта ақ халаттыларға арналған пансионат пен тұрғын үй салуды да жоспарланған. Тағы емханаға іргелес 350 адамға арналған орынды аурухана да салынады. Мұнда терапия, онкология, неврология бөлімшелері болады. Ал жаңа медициналық кешенде 700-ден астам білікті маман еңбек етпек.


Нариман Ермек, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Аурухана заманауи жабдықтармен жабдықталады. Мұндай құрылғылар өңірдің көп еммханаларында жоқ. Обырды емдеуде тың тәсілдер қолданылады. Магниттік-резонанстық томография мен компьютерлік томография, эндоскопиялық бейнежабдықтың соңғы үлгідегі модельдері қойылады.

Қосшыға қоныс аударып жатқан адамдардың саны күннен күнге артып жатыр. Бүгінде мұнда шамамен 150 мың адам тұрады. Бұған дейін денсаулығына шағымы бар тұрғындар Ақмола облысының орталығы Көкшетауға баратын.