ҚР ауылдарындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға 670 млрд теңге бағытталады

ҚР ауылдарындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға 670 млрд теңге бағытталады

Алдағы 4 жылда ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге 670 млрд теңге қажет. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында «Ауыл - Ел бесігі» жобасын талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі хабарлады.

Әлібек Қуантыров мәлім еткендей, биылғы жылы әлеуеті бар ауылдарды жаңғыртуға 100 млрд теңге бөлінген. Аталған қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына, әлеуметтік инфрақұрылым, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт жобаларын іске асыруға бағытталады.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– 2019-2021 жылдарға 206 млрд теңге бөлініп, 2,6 мыңнан астам жоба жүзеге асырылды. Бұл 250 тұрғын үй-коммуналдық, 676 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын және 1,7 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы нысандарын жаңғыртуға мүмкіндік берді. 2022 жылы даму әлеуеті бар 492 ауылда 914 жобаны іске асыруға 100 млрд. теңге бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл – Ел бесігі» батыс және оңтүстік облыстарға халықты әлеуметтік-мәдени, спорт және білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін 20 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарлануда.

Алайда Ұлттық жобаның толықтай жүзеге аспау қаупі бар. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау осындай алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» үш жылда 18 процентке ғана орындалған.

Альберт Рау, ҚР Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму Комитетінің Төрағасы:

– Жоба аясында облыс әкімдіктері Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, 6 300 ауылдық елді мекеннің ішінен 3,5 мыңнан астам ауылды іріктеп алды.  Оның ішінде – 1 173 тірек және 2 388 серіктес ауылдар бар. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, іс жүзінде бағдарлама 3,5 мың ауылдың 665-ін ғана қамтыған. Яғни, үш жылда 18 пайыз ғана ілгерілеу болған. Бұл ретте, алдағы төрт жылда жобамен 2870 ауыл немесе 82 пайызы қамтылуы тиіс. Ұлттық жоба параметрлерінің орындалмау қаупі бар.

Айта кетейік, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 6 мың 300-дей ауылдық елді мекен бар, онда 8 миллионға жуық адам тұрады.

 

Автор: Ақзер Сегізбай