ҚР Премьер-Министрі БҚО кәсіпорындарымен танысты

ҚР Премьер-Министрі БҚО кәсіпорындарымен танысты

Премьер-Министр Олжас Бектенов аймақтағы бірқатар өндіріс ошағын аралау барысында Батыс Қазақстан өңірінің кәсіпкерлерін қолдау шараларын қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл  өнеркәсіптің дамуына үлес қосып, экономиканы индустрияландыруды қамтамасыз етеді. 

Үкімет басшысы өңір кәсіпкерлерімен өндірістерді толық қуатқа шығарудың әлеуетін талқылады.  Бектеновтің сөзінше, мұндай шаралар қазақстандық өндірістің жаңғыруына елеулі серпін беріп, импорттың үлесін төмендетеді. Бұған қоса, жаңа жұмыс орындарын құруға да жол ашады. «Үкімет қазіргі таңда ол үшін қажетті жағдайлар жасауға барынша күш салуда», деді Премьер-Министр.

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы аралаған кәсіпорындардың бірі – «ОралАгроРемМаш». Ол 60 жылдан бері еліміздің төтенше жағдайлар қызметтері мен коммуналдық кәсіпорындарын арнайы техникамен қамтамасыз етіп келе жатқан ірі компаниялардың бірі. Былтыр мұнда 120 астам арнайы техника және 115 тіркеме шығарылды.

Зауыттағы өнім үлгілерімен танысу барысында Олжас Бектенов көп қабатты тұрғын үйлер деңгейінде құтқару жұмыстарын жүргізу үшін өрт сөндіру сатырларын өндіру қажеттігін атап өтіп, мемлекет өңдеу секторын дамытуға басты назар аударатындығын айтты.

Мирлан Бейсенов, «ОралАгроРемМаш» АҚ бас директоры:

«ОралАгроРемМаш» арнайы автомобиль техникаларын жасауға мамандандырылған. Екінші бағытымыз – өрт сөндіретін көліктер құрастыру. Ол салада жұмыс істеп келе жатқанымызға 20 жыл болды. Кішкентай орманда жүретін көлемі 1,5 текше метр көліктерден бастап, 10 текше метрге дейін баратын үлкен автоцистернаға дейін шығарамыз. Бұл бағыттарда өрт сөндіруші көліктер шығаратын әлемдік таңдаулы компаниялармен әріптестік орнатылған. Үшінші бағытымыз – жартылай тіркеме көліктер жасау. Жалпы, зауытымызда бүгінде 300 жуық адам жұмыс істейді.