ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені төмендетті

Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5%-ке дейін төмендетті. Бұған дейін ол жылдық 16,75% болатын. Реттеуші мұндай шешімді сыртқы ортада инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреуімен байланыстырып отыр. Бүгінгі таңда көптеген елдерде орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты нәтижесінде инфляция баяулауда. Әлемдік нарықтарда баға мен логистикалық шығындар да құлдырап келеді. Дегенмен экономика ішінде кеңейіп орнықты ішкі сұраныс, инфляциялық күтулер, сондай-ақ өндіріс шығындарының өсуі жағынан қысым сақталып отыр. Жалпы, еліміздің Ұлттық банкі 2024-2025 жылдарға арналған экономикалық өсім болжамын 4-5%-ке дейін жақсартты. Инфляциялық болжамдар да жақсы. Сарапшылар бұған іскерлік белсенділіктің кеңеюі, мұнай секторының қалпына келуі және бюджет шығыстарының өсуі септігін тигізетінін айтып отыр.