Қытай Қазақстаннан келетін мал шаруашылығы тауарларына шектеуді алып тастады

Қытай Қазақстаннан тасымалданатын ауыл шаруашылық тауарларына енгізілген шектеулерді алып тастады. 

Мәселен, құс тасымалдауға тыйым 2005 жылдан бері жұмыс істеп келген. Ал аусыл ауруына қатысты шектеу соңғы 2 жыл, яғни, 2022 жылдан бері енгізілген. Осылайша, енді Қазақстан аспан асты еліне мұздатылған сиыр еті, құс өнімдері мен оңтүстік-шығыстағы шаруашылықтардың шошқа етін экспорттай алады. 

Дегенмен, бұл үшін салалық ведомство мәліметінше, екі ел бірқатар ветеринарлық талаптарды сәйкестендіру мен шаруашылықтарды бірыңғай реестрге тіркеу секілді шараларды жүзеге асыруы керек. Олардың тізімін Қазақстан жақын арада беруді жоспарлап отыр. Алайда, өнімнің сапасы алдымен ел ішінде мұқият тексеріледі. 

Бүгінде, бейінді ведомства мәліметінше, 60 жуық қазақстандық компания көрші елге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізеді. Одан бөлек, сүт, балық өнімдері мен бал да бар. Алдағы уақытта Қазақстан экспорттық әлеуетін едәуір ұлғайтып, отандық кәсіпорындарға жаңа нарыққа шығуына көмектеспек. 

Самат Төлегенов, ҚР ауыл шаруашылығы Министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары 

- Экспорттық нарықты кеңейтуге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде бізбен әріптес 9 мемлекет бар. Олар: Кувейт, Ливан мен оңтүстік-Шығыс Азия елдері. Сонымен қатар, Еуропа мемлекеттеріне тасымалданатын тауарлар тізбегін арттыру көзделіп отыр. Оның ішінде отандық балға да жаңа нарықтар іздестірудеміз. Әр елге жаңа жергілікті тауар түрін экспорттау аса маңызды. Төл өнімдердің  қатарын арттыру үшін сол елдегі ветеринарлық талаптарға сәйкестігі мен өзге де шарттармен жұмыс істеу қажет.