МӘМС-ті Қаржы министрлігі қадағалайды

МӘМС-ті Қаржы министрлігі қадағалайды

1465 жеке клиника басшысы бір жылда 5 мың жылжымайтын мүлік пен 1400 көлік салып алған. Қаржы министрлігі аудит жүргізіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысты құйтырқылықтың бетін ашты. Тіпті, қайтыс болған азаматтарды есепке алып, бюджет қаржысын қолды қылған медициналық ұйымдар да анықталды. Енді биылдан бастап, саладағы салғырттықпен Қаржы министрлігі күресетін болады. Зұлқарнай Ермұрат тарқатады.


МӘМС-те мәселе көп. Алдымен Қаржы министрлігі анықтаған олқылықтарды жіпке тізіп көрейік. Статистикада адамның ақылына қонбайтын деректер көп. Мәселен, бір жеке клиника дәрігері күніне орта есеппен 24 адам қабылдауы тиіс. Бірақ, талдау нәтижесі бойынша бір дәрігер тәулігіне 1 442 пациентті қабылдаған. Ал Астанада бір дәрігер бір айда 4 832 адамға қызмет көрсетіпті. Кей жағдайларда бір маманға бір айда 1 700 адам "жүгініпті". Тіпті, осыдан 2-3 жыл бұрын қайтыс болған марқұмдар да тірілердің тізімінде жүр.


Айтпақшы қолды болған қаражаттың қайда жұмсалғаны да белгілі болды. Салық органдары медициналық ұйымдар басшыларының табысы мен мүлкіне талдау жүргізіп, 1 465 басшының 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік, 912 адамның 1 416 автокөлік сатып алғанын анықтады. Жекелеген жеке клиникалар басшылары екі жыл ішінде 52-ден 124 жылжымайтын мүлік пен 14-тен 24 автокөлікке дейін сатып алған. Айта кетейік, биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына өтті. Енді ведомства осы олқылықтарды ретке келтіріп, жүйені жолға қоюы керек.


Қайрат Балабиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


- Негізі Қаржы министрлігінің үстемдігі жоғарылау. Қаржы минристрлігіне бергеннен кейін үнемдеп, тек қана қажетті жерге пайдалану қажет.


Депутаттардың кейбірі бұл пікірмен келіспейді. Тек, жауапты министрлікті ауыстырғаннан саладағы кем-кетік реттелмейді. Сондықтан, МӘМС мәселесін майшаммен қарап, толық реформа жасау керек, - дейді. Әрі, сала әлі күнге дейін толық цифрландырылмаған.


Ерболат Саурықов, Қр Парламенті Мәжілісінің депутаты:


- Қазіргі МӘМС жүйесін менің ойымша толық реформалап тастау керек. Оның ішіндегі бөлімдері, басқармалары, департаменттері болмаса жаңағы ақшаны игеру жүйесі, біздің қаржы министрлігі арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне әкеп, ары қарай поликлиникаға түсіру мәселесін толық реформалау керек.


Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


- Мен де Сіз секілді дүдамал ойдамын. Елу де елу. Енді бұл жерде нәтижесін күтеміз. Ақша ұрлау тыйыла ма жоқ па деген.


Биыл МӘМс-тің шығыны 2,4 трлн теңге деп жоспарланған. Ал 2020 жылы 1 трлн теңге еді. Демек, тиімділігі аз, шығыны көп жүйе болып тұр. Өйткені қордың былтырғы инвестициялық табысы 195,9 млрд теңге ғана бопты.

Зұлқарнай Ермұратұлы, Сәкен Пионер ЖЖ.