Мәжілісте сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері қаралды

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті. Министр «Қазақстан үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы оның ел аумағында болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, республика аумағының 40%-тен астамы жер сілкінісіне бейім. Өткен ғасырда елде жойқын апаттар болмағанына қарамастан, Түркиядағы жағдай сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды қажет етеді.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Біз алдын ала ескерту жүйесін әзірлеуді ұсынамыз, ол неден тұрады? Біз жер сілкінісі болуы мүмкін дүмпу орталықтанын білеміз, егер бұл орталықтарда жер сілкінісінің алғышарттарының пайда болуын анықтау үшін датчиктер орнатылса, халықты ескерту үшін қалалар мен елді мекендерде бұл жүйеге автоматты түрде сигнал беруі керек. Сейсмикалық толқын жер сілкінісінің ошағынан елді мекендерге дейін жеткенше ондаған секунд кетеді. Осы уақытта қаншама адамның өмірін сақтап қалуға болады.  Стандарттарға келетін болсақ, Қазақстан қолданыстағы сейсмикалық аймақтарда жобалау және құрылыс нормаларын күшейтті. Әрине, оларды қатаң сақтау, ең алдымен, жобалау ұйымдары мен әзірлеушілердің міндеті және құрылысшылардың сапасы көбіне соларға байланысты.

Жыл соңына дейін Алматыда жергілікті бюджет есебінен 30-дан астам сейсмологиялық станция тапсырылады. Олар жер сілкінісі қаупін толығырақ талдауға көмектеседі. Сондай-ақ министрдің айтуынша, ведомство ғимараттар мен құрылыстардың тұрақтылығын егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтарды сатып алуды қарастыруда. Бұған жапондық мамандар тартылмақ.