Студенттер 80% дейін жеңілдікпен тамақ сатып алудың ерекше әдісін ойлап тапты
Қазақстандық студенттер қоғамдық тамақтану орындарын ысыраптан құтқарудың ерекше тәсілін ойлап тапты. Енді мейрамханалар мен кафелер дәмді өнімді сатып үлгермеген жағдайда оны 80% жеңілдікпен арнайы Telegram каналына сатуға қояды. Осылайша, тағам жойылмай, өз тұтынушысын табады.
Статистикаға сәйкес, жыл сайын сүт пен ет өнімдерінің 20%, теңіз өнімдерінің 35% және дайын тағамның үштен бір бөлігі ысырап болады. Осы бағытта жаһандық экономика жыл сайын триллионға жуық доллардан айырылады. Онымен қоса Жер шары да зардап шегеді, яғни тамақ қалдықтарын кәдеге жарату барысында барлық парниктік газдың 9% сыртқа шығады.
Бағдәулет Шакизада, жобаны әзірлеуші:
- Шетелдерде бұл тақырыптар кеңінен талқыланады, ал бізде ешқашан қозғалған емес. Қазір экожүйені қолдайтындар қатары көбейіп келеді, басқа да мәселелер шешілуде. Бірақ Фудэйтинг те – үлкен мәселе, өйткені барлық тұщы судың 25% көкөністер мен жемістерді өсіруге жұмсалады және бәрі тасталады. Қазір біз осыған қарсы жұмыс істеп жатырмыз. Мекемелер шығындарын азайтып, кірісті көбейте алады. Ал тұтынушылар үшін бұл – тамақ сатып алуға өте тиімді мүмкіндік.
Студенттер өз жобасын «Сарқыт» деп атады. Қазір олар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы оннан астам мекемені қамтыды. Алайда ұйымдастырушылардың пікірінше, жоба үлкен жетістікке жетпек. Себебі әзірлеушілер сұраныс тастаған 100-ден астам мекеменің 80-і бірге қызмет істеуге дайын. Айтпақшы, студенттер жақын арада функционалдығы әлдеқайда көп болатын арнайы мобильді қосымшаны іске қоспақ ниетте.
Бағдәулет Шакизада, жобаны әзірлеуші:
- Бұл Market Place секілді платформа болады, яғни қолданушы кіріп, оған барлық мекеме көрсетілген карта ашылады. Ол өзіне жақын немесе ең үлкен жеңілдіктері бар мекемелерді таба алады. Тұтынушы бірден қосымшада төлем жасау арқылы өз тапсырысын алады. Бұл өте ыңғайлы. Ал мекеменің парақшасында жеңілдікпен берілетін тағамдарды әкімші орналастырып отырады. Яғни алғашында олар тағамның өз бағасы көрсетілген мәзірді жүктейді және болашақта жеңілдіктерін қосады. Пікірлерді де сол жерде қалдыруға болады.
Дархан Қадыров, кофехананың бірлескен басшысы:
- Жақсы идея. Өнімдер жай кетпейді, арзан сатып алуға мүмкіндік бар. Біз де бірге қызмет істеуге дайынбыз. Адамдар да риза болады.
«Сарқыт» командасында Назарбаев Университетінің, Еуразия ұлттық университетінің және Қытай білім беру мекемесінің студенттері бар. Олар қазірдің өзінде Назарбаев Университетінің NURIS стартаптарды қолдау бағдарламасының финалистері атанды. Онда бірнеше ай ішінде оларға бизнес модельді пысықтауға көмектесті. Олардың мақсаты – тағам қалдықтарын азайту. Олар аталмыш жобаларымен ТМД нарығына шығуға да ниетті.
Авторы: Гүлбану Тәжібек