Сенатта Алматыдағы заңсыз құрылыс мәселесі көтерілді
Алматының таулы және тау бөктеріндегі аймақтарындағы құрылыстарға мораторий енгізу қажет. Сенат отырысында Андрей Лукин осындай бастама көтерді. Айтуынша, қаланың экологиялық тепе-теңдігіне қауіп төніп тұр. Депутат төтенше жағдайлар министрлігінің мұндай аумақтардағы құрылыс техногендік көшкіндерге әкелуі мүмкін және азаматтардың өміріне үлкен қауіп төндіретіні туралы ақпаратқа сүйенді. Бұл күрделі мәселеге тұрғындар ғана емес, қоғам белсенділері, сейсмологтар мен заңгерлер де назар аударып отырғанын қосты. Жалпы, Лукиннің айтуынша, өткен жылдың өзінде Алматыда 751 жер заңнамасын бұзу фактісі анықталған. Бұл ретте қалалық әкімшілік 156 іс бойынша шешімнің күшін жоюды сұрап, сотқа жүгінген. Қаладағы заңсыз құрылыс мәселесін шешу бойынша депутаттың өз ұсынысы да әзір.
Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Алматы мен Алматы облысының тау және тау бөктерінде орналасқан аудандарындағы жерлерге мұқият инвентаризация жасау; оңтүстік астана мен оның айналасындағы таулы аудандарда құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салуды қолданыстағы заңға толықтыру ретінде енгізу; инвентаризация жұмыстары аяқталғаннан кейін тиісті нормативтік құқықтық актлерді қабылдау арқылы жер беруге мораторий жариялау қажет.