Мемлекет басшысы Ақмола және Қостанай облысының әкімдерін қабылдады

Мемлекет басшысы Ақмола және Қостанай облысының әкімдерін қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және Қостанай облыстарының әкімдерін қабылдады. Өңір басшылары бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарды баяндады. Мәселен, Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,2 трлн теңгеге жеткізілмек. Қазірдің өзінде инвестициялық портфель 4 млрд доллардан асқан. Соның арқасында 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Марат Ахметжановтың айтуынша, соңғы екі жылда 4 мың 700 отбасы баспаналы болған. Апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі де шешіліпті. Одан бөлек Көкшетауда жылу электр орталығы салынып жатыр, жыл соңына дейін 9 елді-мекенге газ жеткізіледі дейді облыс әкімі. Президент қабылдауында болған екінші әкім Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Қостанайда өнеркәсіптік өндірісі 1,82 триллион теңгеге жеткен. 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылыпты. Оның ішінде KIA автокөлік зауыты мен «КамлитKZ» кәсіпорны бар. Жыл басынан бері 22 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Облыста 1300 шақырым жол жөнделуде, ауылдардағы 400-ден астам көше жаңартылмақ. Президент екі өңірдің жұмысын оң бағалап, егін жинау, жылыту маусымына дайындық, су тасқынының алдын алу және инвестиция тарту бойынша нақты тапсырмалар берді.