Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау аясы кеңейтілмек
Қазақстанда бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдар үшін жаңа жәрдемақы енгізіледі. Қолдаудың бұл түрімен қосымша 24 мыңнан астам адамды қаму жоспарланып отыр. Тиісті жоба Парламент Мәжілісінде таныстылды.
Сондай-ақ, құжатта медициналық-әлеуметтік жеке көмекшінің қызметтерін көрсету тетігін өзгерту қарастырылған. Бұған қоса 7 мен 16 жас аралығындағы балаларды мүгедектік топтар бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара сырқатының ауырлық дәрежесіне байланысты жәрдемақы мөлшерін сараланған түрде белгілеуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте, жәрдемақы мөлшері 16,7 ден 37% дейін ұлғайтылады. Жаңашылдық 31 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балаға қатысты болады. Бұдан бөлек, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру жағы ескерілмек.
СЕРІК ШАПКЕНОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
- Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған норма енгізілген кезде 2 мыңнан астам бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қоса асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын болады. Қазіргі уақытта олар таңдауы бойынша жәрдемақының бір түрін ғана алып отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов