«Наурыз» ипотекасына өтініш қабылдау басталды
Бүгін «Наурыз» және «Наурыз
жұмыскер» ипотекалық бағдарламаларына өтінім қабылдау басталды. Өтініштерді
Baspana Market порталында беруге болады. Отбасы банктің хабарлауынша алғашқы үш
сағаттың өзінде 2 мың адам өтінім беріп үлгерген. Оның 800-ден астамы
мақұлданып, тағы бір мыңы өңделіп жатыр. Көпшілігі баспананы Астана, Алматы
және Шымкенттен таңдаған. Олардың 73%-ы 35 жасқа дейінгі жастар, басым бөлігі
балалы отбасылар. Оларға жеке-жеке бал қосылады. Ал ипотеканың негізгі шарттары
мынадай: әлеуметтік осал топтар үшін жылдық мөлшерлеме - 7%, қалған
қатысушыларға - 9%. Егер пәтер таза әрлеуде болса, бастапқы жарна - 10 %, ал
жөндеу жүргізілмесе - 20 %. Оған қоса, соңғы 5 жылда атыңызда үй болмау керек.
Сондай-ақ, «Отбасы банкте» кемінде 2 млн
теңге депозит болуы қажет. Ал «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына тек жұмысшы
маман иелері, яғни өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы
сияқты сала мамандары қатыса алады. Олар өтінімді тек оффлайн береді. Ол үшін «Отбасы
банктің» кез келген филиалына барып құжат тапсыру керек. Өтінім беру 1
желтоқсанға дейін қабылданады.

