Несие мөлшерлемесінің ең жоғары шегі бекітілді

Несие мөлшерлемесінің ең жоғары шегі бекітілді

Биыл елімізде мобильді аударымдарды бақылау басталды. Ипотеканың шекті мөлшерлемесі төмендеді. Несие ставкасының ең жоғары шегі бектілді. Қаржы институттары тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне қосылады.  Жалпы осы жылы банк саласына ауқымды өзгерістер болады.  Ол жөнінде Әріптесім Асылбек Тойбек айтып береді.


Банк саласындағы ТОП жаңалықтар: биыл «Банктер туралы» Заң қабылданады. Құжат Президенттің қол қоюына жіберілген. Қаржы ұйымдары арасында бірыңғай QR енгізіледі. Мобильді аударымдарды бақылау күшіне енді. Қазақстандықтардың шоттарындағы қаражаттың түсімі туралы барлық деректер салық органдарына беріледі. Шілдеден бастап ипотека мөлшерлемесі 20 %-ға дейін төмендейді. Бұл шара өткен жылы енгізілуі тиіс еді. Алайда банктер оған дайын болмай тоқтатуға тура келген. Оған қоса қазанда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,5% - дан 18% - ға дейін күрт көтерді. Содан кейін банктердің көпшілігі ипотека беруді тоқтатты.


Енді ипотека мөлшерлемесі бастапқы жарнаға және несие мерзіміне байланысты болады. Алғашқы жарнасы көп болса, төмен ставкамен есептеледі. Борышкерлердің қарыз жүктемесіне қатысты талап та күшейтілді. Ай сайынғы төлем оның табысының 50% -нан аспауы тиіс. Сонымен қатар, биыл несие мөлшерлемесінің ең жоғары шегі өзгерді. Кепілсіз банктік несие — 46%-бен, кепілді несие — 35%-бен беріледі. Тағы бір өзгеріс -  екінші деңгейлі банктер «Отбасы банкінің» тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне қосылады. Мұндай механизм нарықта ипотеканың қолжетімділігін арттырады деп болжанып отыр.

Өзгерістер енгізілетін «Банктер туралы» заңға сәйкес қаржы ұйымдарын лицензиялаудың екі түрі енгізіледі. Бірі - базалық, екіншісі - әмбебап. Бұрын нарықта тек әмбебап лицензия болған. Базалық лицензиясы бар банктерге шетелдік азаматтарға кредит беруге, қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асыруға, өзге елде филиалын немесе еншілес компаниясын ашуға тыйым салынады. Олар жеке тұлғалар үшін 10 млн теңгеден аспайтын мерзімдік және жинақ депозиттерін аша алады. Ал елдегі екінші деңгейлі банктерде шариғат талаптарымен қызмет көрсететін «ислам терезелері» пайда болады. Ол жерлерде пайыздық несиелердің орнына банктер сатып алу-сату, жалдау немесе серіктестік шарттарымен ғана қызмет көрсетеді. Жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты банктік операциялар үшін қосылған құн салығы енгізілді. Бұл бірқатар қаржы институттарының кейбір қызметтерге алатын комиссиясының қымбаттауына әкеліп отыр. Айта кетейік, осы жылдан бастап ҚҚС 12% - дан 16% - ға дейін өсті.