«Астана Опера» балалар арасында театр қолөнерін дамытуды қолға алды

«Астана Опера» балалар арасында театр қолөнерін дамытуды қолға алды

Елордадағы «Астана Опера» театрының ұжымы балаларды театр қолөнеріне баулуды қолға алды. Қазір өнер ошағында осындай 4 үйірме ашылды. Жақын арада 10-14 жас аралығындағы оқушылар үшін тағы екі шығармашылық пән пайда болады. Бірегей жоба Қазақстандағы «балалар жылы» аясында жүзеге асырылуда.

Виктор Караре, «Астана Опера» театры директорының орынбасары:

- Әкімдікке берілетін өтінімдер тиісінше толтырылады. Соған сәйкес біз балаларды қабылдаймыз. Балалар үшін бар жағдайды жасауға тырыстық. Олардың жеке залы болады, түрлі бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Балалар театр өнерінің қыр-сырына үңіліп, өнерге бір табан жақындайды. Театрдың жоғары білікті мамандары пәндер бойынша сабақ береді.

Білікті мамандардың бірі – Гаухар Укасова. Ол сахна костюмдерін тігу шебері. Балаларға киімдердің үлгісін жасау, пішу, маталармен жұмыс істеу және құрақ тігу сияқты дағдыларды үйретеді. Оның айтуынша, бұл – қажырлы еңбекті талап ететін іс. Оған ұқыптылық және өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілік қажет. Гаухар шәкірттерін осы қасиеттерге баулуға тырысып көрмек.

Гаухар Укасова, оқытушы, киім тігу шебері:

- Сабақтар осы жылдың 1 ақпанында басталды. Бүгінгі таңда төрт топ құрылды: киім үлгісін жасау, құрақ тігу, ағаш ою, кескіндеме. Біз барлық топты жинадық. Балалардың қызығушылықтары жоғары. Маусымның соңында жақсы нәтиже көреміз деген үміттеміз.

Театр басшылығының айтуынша, бұл оқу бағдарламасы бір жылға құрылған. Оны тәмамдаған соң, балаларға арнайы сертификат беріледі. Бұған қоса жеткіншектер әртүрлі көрмеге, тіпті қойылымдарға қатысуға мүмкіндік алады. Осылайша театр жас шеберлерге таңғажайып өнер әлеміне жол ашады.