Биыл егіс науқаны сапалы және уақтылы жүргізіледі

Сала басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа көктемгі қауырт маусымға қамдану барысы жайында баяндады. Оның айтуынша, еліміздегі егіс алқабы биыл шамамен  23 жарым миллион гектарды құрайды. Дәнді және бұршақты дақылдар 117 мың гектарға, жем-шөп тұқымдары 36 жарым мың гектарға және қант қызылшасын егу алаңдары 6,7 мың гектарға ұлғаяды. Сәйкесінше, кейбір майлы дақылдар егіні азаяды.  Биыл негізінен мақсары, соя және қыша алқаптары қысқарады.  Министр бұл ең алдымен нарық сұранысына тікелей қатысты екенін алға тартты. Осы ақпанда қар мөлшері біркелкі түскен жоқ. Кейбір өңірлерде әдеттегіден аз жауды. Осыған орай топырақтағы ылғалдың көлемін сақтау үшін жер емген шаруалар тиісті шаралар кешенін жасауды  ұмытпағаны абзал дейді.  Өз кезегінде, үкімет басшысы алдағы егіс науқанына 140 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Жеңілдетілген бағамен 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге және субсидия түрінде 87 млрд теңге қарастырылған. Мемлекеттік қолдау фермерлер тарапынан да белгілі бір шарттарды орындауды талап етеді. Бұл  агротехнологияларды қатаң сақтау және тыңайтқышты уақытылы қолдану Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет.