Нұр-Сұлтанда 1980 медицина қызметкеріне COVID-19 індетіне қарсы екпе егілді
Елордада соңғы 2 аптада жалпы саны 6300 медицина қызметкерінің ішінде 1980 сала маманы вакциналаудан өткен. Қазіргі таңда екпені қабылдаған барлық медицина қызметкерлерінің жағдайы жақсы. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова онлайн брифинг барасында баяндады.
Оның айтуынша, емханаларда, инфекциялық стационарлардың, жедел медициналық жәрдем, алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарының, көпбейінді стационарлардың қабылдау бөлімдерінің медицина қызметкерлері екпе алып жатыр. Елордалық дәрігерлерге көршілес Ресейдің «Гам-КОВИД-Вак» егілді. Вакцина үш апталық үзіліспен екі кезеңде жүргізіледі. Қалалық денсаулық сақтау басқарма басшысы орынбасарының мәліметінше, вакциналаудың екінші кезеңі 22 ақпанда басталады. Вакцинаның келесі жеткізілімі ақпан айының соңында күтілуде. Жаңа партия келіп түскен сәтте медицина қызметкерлеріне екпе егу жалғасады және одан кейін педагогтарға, күш құрылымдары қызметкерлеріне, созылмалы ауруы барларға және басқаларына кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Авторы: Ақзер Сегізбай