Нұрадағы Наурыз

Нұрадағы Наурыз

Еліміздің түкпір-түкіпірінде ұлттық мейрам сән-салтанатымен, өзгеше сипатта тойланып жатыр. Елордадағы «Нұра» ауданы да бұл үрдістен қалыс қалған жоқ.

Астана бүгін ерекше шуақты. Өйткені бас қаланың тұс-тұсында Наурыз тойлатқан ағайынның үні дүркін-дүркін естіледі. Астана-Аренаның үлкен алаңына киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылған. Осы бір тамаша көрініске ұлттық киім киген қала тұрғындары жарасып-ақ тұр. Бүгін – мейрам, бүгін – мереке! Олар тек тойлатып қана қоймай, ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстардың куәсі болды.

Нұрасыл асық ату спортымен үш жылдан бері айналысып келеді. Жасы кіші болғанымен, тәжірибесі мол, бірнеше рет үлкен жарыстардың жеңімпазы атанған. Ол өз жетістігінің құпиясын ерекше сақасымен байланыстырады.

Нұрасыл Тұрсынбай, Асық ату сайысының қатысушысы:

- Мына асықты жақында алғам. Бұл асықтың ерекшелігі – бұған біраз болды. Шиірген кезде, оңай, атуға ыңғайлы.

Ал, бұл – Мұхамедияр Қайыр. Санаулы минуттардан кейін боз кілемге шығуға дайындалып жатыр. Қазақша күреспен 16 жылдан бері айналысып келе жатқан ол, бұл спортта білектілер емес, жүректілер жеңіске жетеді дейді

Мұхамедияр Қайыр, Қазақ күресінен жарысқа қатысушы:

- Спорттың оңайы жоқ. Тек айналысып, күні-түні дайындық керек. Мен қазір 82 келіде шығып жатырмын. Қарсыластарым өте тәжірибелі палуандар. Астананың құрамасында жүрген жігіттер.

Мерекелік шаралар тек «Астана Арена» алаңында ғана емес, «Ғашықтар саябағы», «Үркер» және «Жағалау» тұрғын үй кешендерінде де жалғасуда. Қала тұрғындары мен қонақтары 23 наурызға дейін ұлыстың ұлы күнін ерекше көңіл-күймен атап өтпек.