Отандық автоөндіріс саласының әлеуеті зор

Отандық автоөндіріс саласының әлеуеті зор

Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Солардың бірі автокөлік құрастыруды жолға қойған «Астана Моторс» компаниясы. Экономиканың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген компанияның еншілес кәсіпорны Hyundai зауыты бүгінде Алматының индустриялық аймағында қытайлық брендтердің автомобильдерін өндіруге арналған толық циклді мультибрендтік зауыт салуға кіріскен. Онда автомобильдер шанақты дәнекерлеу және бояумен ұсақ түйінді әдіспен ғана өндірілетін болады. Бұл зауыттың қуаты жылына 90 мың автокөлік шығаруға жетеді. Оның 40%-ы ішкі нарықта сатылса, 60%-ы экспортқа жіберіледі. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланған. 

Осылайша, компания 2027 жылы дәнекерлеу және шанақты бояумен қоса алғанда, көлікті толығымен ұсақ бөлшектерден құрастыруға көшуді басты мақсат етіп отыр.

Жалпы алғанда, бұл ұсақ торапты әдіспен өндіріс көлемін жылына 12 мың автокөліктен 24 мың автокөлікке дейін ұлғайтуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. 2025 жылы Hyundai Trans Kazakhstan қызметкерлерінің штаты 1700 қызметкерге дейін өседі.

Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Almaty зауыттары былтыр 48 мыңнан аса жеңіл көлік және 981 коммерциялық техника шығарған.

Бүгін «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Алматыдағы автокөлік өндіретін зауыт жұмысымен танысып қайтты. Кездесу барысында мәжіліс депутаты автоөндіріс саласына еңбегі сіңген бірқатар қызметкерлерді «Еңбегім еліме»медалімен марапаттады. Депутаттың айтуынша, табыс тауып, қазына қаржысын толықтырып, халықты жұмыспен қамтып отырғандарды мемлекет те қолдауы тиіс.

Азат Перуашев, «Ақ Жол»демократиялық партиясының төрағасы:

– Бұл саланың болашағы бар. Бірақ Президент айтқандай, кейбір заттарды қолға алып, өзіміз шығаруымыз керек. Қазақстанның мазмұнын көбейту керек. Біз тәуелсіздік алғаннан бері автомобиль шығаратын болдық. Соңғы жылдары бұл сала бойынша түрлі пікір болуда қоғамда. Сыншыл пікірлер де, бар қолдау да бар. Бұл компаниялар былтырғы жылдан бастап жаңа бағыт ірі саймандар жинаудан ұсақ саймандар жинауға көшу – бұл деген кейбір саймандарды өзіміз шығарамыз деген ұмтылыс. Әрине біз оны қолдауымыз керек.