Отандық вакцина қашан қолданысқа енеді?
Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаның клиникалық зерттеулерi үшiншi кезеңiнің алғашқы жартысы 15 сәуірде аяқталмақ. Бұл туралы Бiлiм және ғылым вице-министрi Мирас Дәуленов мәлімдеді.
Еске салсақ, сынаққа 3 мың ерiктi қатысуда. Егілгендердің бір бөлігі вакцинаның өзімен, ал қалғандары плацебомен иммундалды. Сынақ аяқталғаннан кейін барлығынан талдау алынып, препараттың тиімділігі туралы есеп дайындалатын болады.
Мирас Дәуленов, ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi:
- Барлығы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаға сәйкес штаттық түрде жүріп жатыр. Зерттеулер Алматы және Тараз қалаларындағы клиникаларда жүргізілуде, олардың тиісті ДжиСиПи сертификаттары бар. Еріктілер денсаулық ахуалы туралы дәрігерлерге апта сайын хабарлап, клиникаларға барып тұрады, яғни, дәрігер бақылауына алынған. Олардан вирусқа тән антиденелерге, бейтараптандыратын антиденелерге сынамалар жасалады. Клиникалық зерттеулер хаттамасына және Денсаулық сақтау министрлігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес, клиникалық зерттеулер жүргізудің белгілі бір мерзімдері бар. Үшінші фазасына кем дегенде 180 күн беріледі. Сондықтан нақты нәтижесін күту маңызды.
Күнсұлу Закария, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
- Бұл вакцинаның 50 мың дозасы институттың ішінде дайын тұр. Дайындалған, флаконның ішінде тұр. Қазіргі уакытта 50 мың доза вакцина бақылау, зерттеулерден өтіп жатыр. 25-27 сәуір аралығында бұл вакциналар «СҚ Фармация» коймаларына жеткізіледі.
Айта кету керек, QazVac – клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңіне жеткен әлемдегі 14-ші вакцина. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізімінде коронавирусқа қарсы 260-тан астам кандидаттық вакцина бар. Жалпы Қазақстанда антиковидті препараттарды әзірлеуге және зерттеуге 2,5 млрд теңге жұмсалды. Қазір отандық ғалымдар бес вакцинамен жұмыс істеуде.
Авторы: Гүлбану Тәжібек