Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар артық есеп тапсырмайды

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар артық есеп тапсырмайды

Енді өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Жаңа Салық кодексі аясында олар үшін арнайы режим енгізілді. Жалдамалы қызметкерлерсіз, өз еңбегімен табыс табатын азаматтар бұрынғыдай салық төлеп, артық есеп тапсырмайды. Жаңа режимде тағы қандай жеңілдіктер мен талаптар бар? Асылбек Тойбек айтып береді.


Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тізіміне күнделікті тұрмыста сұранысқа ие және шағын кәсіп иелері жиі атқаратын қызмет түрлері енген. Оның ішінде такси жүргізушілері, шаштараздар, курьерлер, құрылыс жұмыстарымен, тұрмыстық техника, жиһаз, компьютер, әртүрлі бұйымдар жөндеумен айналысатындар бар. Бас-аяғы 40-тан астам кәсіп. Жеңілдіктің тауар сататындарға қатысы жоқ. Жаңа жылдан бастап қызмет көрсететіндер E-Salyq Business жүйесінде тіркеліп, екінші деңгейлі банктердегі арнайы шоттар арқылы жұмыс істеу міндеттелді. Енді олар табыс салығынан толық босатылды, тек тапқан пайдасының  4%-ын әлеуметтік төлемдер ретінде аударады. Бұл жеке қызмет көрсететін зейнетақы жинақтарына және медициналық сақтандыру алуға кепілдік береді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитындарда жалдамалы жұмысшылар болмауы тиіс. Әрі табысы айына 1 млн 300 мыңнан аспауы керек. Егер одан артық пайда тапса, жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Табысы туралы есепті тапсыру үшін тек чектерді қосымшаға жүктейді, жүйе салықты өзі есептейді. Ал интернет-платформалардан пайда тапқан жағдайда төлемдерді ұстау мен аударуды платформа операторларының өздері жүргізеді. Сарапшылар Жаңа Салық кодексіндегі бұл өзгерістер көлеңкелі экономикаға әсер етеді дейді. Себебі салық аз болған сайын, жасырын жұмыс істейтін кәсіпкерлер де азаяды.