Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы артады

Қазақстан мен Тәжікстан былтыр 910 млн долларды құраған елдер арасындағы тауар айналымын бірнеше есеге арттыруға ниетті.

Айта кетейік, республикамыз көрші елге бидай, табиғи газ, мұнай өнімдері, май мен макарон өнімдерін жеткізеді. Осы ұзақ экспорттық тізімді жақын арада отандық өндірістегі трансформаторлар толықтырады. Жабдықтарды жеткізуге екі ел тараптары Душанбеде өткен бірлескен бизнес-форумда келісім жасасты.

Еркебұлан Ілиясов, Электротехникалық жабдық өндіретін компанияның директорлар кеңесінің төрағасы:

- 1 млн доллар сомасына тікелей келісімшарт жасастық. Егер сандық тұрғыдан қарастырсақ, бұл – 110 киловольт кернеуі бар төрт күш трансформаторы. Бұл трансформаторлар қалалық нысандарға жеткізіледі, қолданыстағы қосалқы станцияларды ауыстырады, яғни қосалқы станциялардың қуатын арттырады.

Мамандардың есептеуінше, Қазақстан экспорттаған өнімнің жалпы сомасы 2020 жылы 757,5 млн доллардан асты.

Нұралы Бөкейханов, Сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары:

Қазақстан дәстүрлі түрде Тәжікстан нарығына астық секторының өнімдерін жеткізеді. Бұл – астық, ұн, кондитерлік өнімдер. Біздің кондитерлік өнімдерді өндіретін барлық кәсіпорын осында ұсынылған, олардың өз кеңселері бар, тіпті Душанбенің кез келген супермаркетінен қазақстандық өнімді таба аласыз. Сонымен қатар біз Тәжікстанға құс, сиыр, қой еті сияқты өнімдерді де сатамыз.

Бизнес-форумда сауда келісімдерін жасауға отандық 20 шақты компания өз өнімдерін ұсынды. Теміржол паркінде бүгінде екі қазақстандық локомотив бар. Келіссөздер қорытындысы бойынша тағы төрт тартқышты жеткізетін жаңа келісімшартқа қол қойылды. Жобаның жалпы құны 10 млн долларды құрайды.

Джамшед Джумахонзода, Тәжікстанның сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:

- Менің ойымша, мұнда құн мен сапа қатынасы маңызды рөл атқарды. Әрине, біздің кәсіпорындар арасында ұзақ мерзімді тарихи қатынастар бар екенін де ескеру қажет. Бәлкім Қазақстан Республикасының өнімі белгілі бір беделге ие шығар.

Душанбеде «Қауіпсіз қала» жүйесі жұмыс істейді. Жолдарда орнатылған камералар құқықбұзушылықтардың санын айтарлықтай төмендетеді. Олар қоғамдық орындардағы бақылау жүйесін жетілдіруді ойластыруда. Қазақстандық «Сергек» жобасы Тәжікстан өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Тараптар осы салада да ынтымақтастық орнатуға ниетті.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстанда тәжік бизнесмендерінің қатысуымен 400-ге жуық компания тіркелген, төрт бірлескен кәсіпорын құрылған.