Президент: Экономиканы әртараптандыру Атырау облысының өркендеуіне тың серпін береді
Экономиканы әртараптандыру Атырау облысының өркендеуіне тың серпін береді. Кезекті жұмыс сапары барысында мұнайлы өңірге арнайы барған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент аймақ халқымен кездесуінде мемлекеттік саясаттың алдағы уақытта «қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Облыста «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі. Сондай-ақ инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарастырылған. Басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Олар инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар бірнеше мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Аталған жобалар өңірдің экономикасын әртараптандыру үшін өте маңызды. Үкімет және әкімдік инвесторлармен бірлесіп олардың тезірек іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс.
Сонымен қатар Президент мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе екенін айтты. Осыған орай мемлекет басшысы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау өңірінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ мемлекет басшысы облыстағы балық шаруашылығын дамыту мәселесіне назар аударды. Бұл ретте бекіре тұқымдас балықтың санын көбейту және балық зауыттарын жаңғыртуды тапсырды.