Президент Конституциялық реформаға қатысты ұсыныстармен танысты
Жиырмасыншы қаңтарда Қызылорда қаласында Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысы
өтеді. Бүгін маңызды жиынды ұйымдастыру мәселелері Парламенттік реформа бойынша
кезекті жұмыс кеңесінде талқыланды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жұмыс тобының тоғызыншы қаңтарда өткен отырысында болашақ
бір палаталы Парламенттің мәртебесін, өкілеттіктері мен функцияларын анықтауға,
сондай-ақ биліктің басқа да тармақтарымен өзара іс-қимылына қатысты тәсілдер
әзірленгенін айтты. Он бесінші қаңтарда жаңа Парламенттің басты мемлекеттік
институттардың қызметін қамтамасыз ету өкілеттіктері талқыланады. Президенттің
құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Мемлекет басшысын
конституциялық реформаға қатысты Жұмыс тобы мүшелері мен жұртшылықтан келіп түскен
жаңа ұсыныстармен таныстырды. Президент барлық пікір мен бастаманы ескеру қажет
екенін атап өтті. Сондай-ақ конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді
ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтынын мәлімдеді.

