Президент ШЫҰ саммитінің қонақтарымен кездесті

Шанхай ынтымақтастық ұйымының 24-ші саммитіне шақырылған қонақтар бірінен-соң бірі келіп жатыр. Оларды әуежайдан Премьер-Министр мен орынбасарлары қарсы алды. Астанаға келген әр елдің Президенттері алдымен Ақордаға соғып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өткізді.

Президент бүгінгі қарбаласқа қарамастан мәртебелі қонақтардың әрқайсысын құрметпен қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Эмомали Рахмонмен кездесті. Айта кетейік, Тәжікстан – ұйымға Шанхай бірлестігі құрылғалы бері мүше мемлекет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

– Саммитке Сіздің қатысуыңыздың мәні зор. Себебі 1996 жылы құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының бастауында болған президенттердің бірісіз. Менің ойымша, бұл ұйым – шын мәнінде, тиімді, беделді әрі демократиялық бірлестік. Ертеңгі саммит табысты өтеді деп үміттенемін. 

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Президенті:

– Сізді біздің ұйымға табысты төрағалық етуіңізбен құттықтаймын. Сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық, мәдени, гуманитарлық салалардағы және қауіпсіздік бағытындағы ынтымақтастығы жоспарлы түрде дамып келе жатқанын атап өткім келеді. 

Ал Әзербайжан Шанхай ынтымақтастық ұйымының диалог серіктесі. Сондықтан Ильхам Әлиев саммиттің құрметті қонағы. Қасым-Жомарт Тоқаев мейманын төрге оздырып, алғыс айтты. Ал әріптесі Қазақстанның аймақта ғана емес, халықаралық аренада да маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Екі ел басшыларының қатысуымен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен Azerbaijan Investment Holding бірлескен инвестициялық қорын басқару туралы келісімге қол қойылды.