Президент Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті

Президент Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті

Бүгін Президент Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясын орындауда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып келген жауынгерлердің арқасында Ұлттық армиямыздың, тұтас мемлекетіміздің беделі көтерілгенін атап өтті.

Бұл Қазақстанның басты миссиясын – бейбітшілік ұстанымын іспен дәлелдеп келген жауынгерлер. Голан жоталарында бір жыл бойы әлем елдеріне қырғи-қабақ танытпай, қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешуге үлес қосты. Елге аман оралып, көзге көрінбейтін ерліктері мен еңбектері еленді.   

Қазақстан тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет.  Кез келген дау-жанжалды бейбіт жолмен шешуге ұмтылады. Бұл міндетті еліміздің бітімгерлері абыройлы атқарып жүр. Ұлы даланың ұландары 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгер әскері құрамында әлемнің бірқатар бөлігінде болды. Енді, міне, Қарулы күштердің алғашқы жасағы Голан жоталарынан оралып отыр.  

Жігер Айыпов, Бірінші қазақстандық бітімгерлік контингентінің командирі: 

- Осы бір жыл ішінде контингент 600-ден астам жауынгерлік тапсырма орындады.Оның ішінде патрульдеу, эвакуация жасау, медициналық эвакуация жасау және 400-ден астам жарылмаған жарылғыш заттардың көзі жойылды.  

Бітімгерлік кез келген мемлекетке сеніп тапсырылмайды. Көптеген ел бұл миссияны орындауға ұмтылады. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Сондай-ақ, бұл тек нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс деді. Президент ұлттық армиямыз былтыр тағы бір тарихи қадам жасағанын айтты. 

Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет.  

Таяу Шығыстағы Голан жоталары нағыз даулы аймақ. Сирия мен Израильдің шекарасында орналасқан. Осындай қауіпті нүктеде келіссөздерді ержүректікпен әрі зор жауапкершілікпен атқарған жауынгерлер арасында қыздар да бар. Мемлекет басшысы оларды Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулар деп атады.  

Сәния Тіленшинева, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің аға маманы: 

- Қазақ қыздары ел басына күн туған кезе ер азаматтармен бірге ел намысын қорғауға атсалысқан. Сирия жерінде қазақ қыздары қойылған тапсырманы ержүректікпен, ерекше батырлықпен орындады. Қазақстан өзінің бейбіт сүйер мемлекет екенін дәлелдеді.  

Маңызды міндетті мінсіз орындау үшін сарбаздар сақадай сай болуы керек. Бұл сынақ әрі тәжірибе алаңы. Жоғарғы Бас қолбасшы аз уақыт ішінде әскери қызметшілер түрлі дағдыларға бейімделгенін атап өтті. Әрі оларды халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз ету үшін сапалы жұмыс атқарылғанына тоқталды.  

Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Бұл әскеріміздің аса күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін көрсетеді. Сіздер Сирия дағдарысының шешуші сәтінде ұтымды әрі батыл әрекет жасадыңыздар. Қазақстан армиясының кәсіби деңгейі жоғары екенін дәлелдеп бердіңіздер. Сол күндері қазақ жауынгерінің асқақ рухы мен қайсарлығына бүкіл әлем куә болды. Сіздер қауіпті аймақтарда жұмыс істеп, ерен ерлік көрсетіп, мол тәжірибе жинап келдіңіздер. Енді осы тәжірибені бөлісіп, басқа да әскери қызметшілерді үйрету қажет.  

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге жауынгерлік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін алғыс айтып, оларға тілекші болған жақындары мен отбасыларына ризашылығын білдірді. 

Қазақстан бітімгерлік қызметіне қосығалы 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысты. 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысты. Қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр. Осылайша, еліміз жер жүзіндегі тыныштық пен келісімді нығайтуға белсенді түрде атсалысып келеді.