Қ.Тоқаев Қазақстанның 2024 жылғы әлеуеті туралы айтты

Қ.Тоқаев Қазақстанның 2024 жылғы әлеуеті туралы айтты

Қазақстан 2024 жылы жалпы ішкі өнімін ұлғайту жөніндегі стратегиялық мақсат бойынша жұмыс істейді. Еске салайық, Мемлекет басшысы өзінің өткен жылғы жолдауында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттырып, 450 млрд долларға жеткізуді жүктеген. Жақын арада өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде осы бағытта алдағы іс-шаралардың нақты шаралары әзірленеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтты. Бүгінде Халықаралық валюта қорының сарапшылары отандық экономиканың өсіміне оң баға беріп отыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі 259 млрд доллардан асуы тиіс. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ІЖӨ-де артып келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр АҚШ валютасында 13 мыңға жуықтады. Енді оны нақты іске асыру Үкіметтің мойнында. Мемлекет басшысы ол үшін министрлер кабинеті экономиканы басқарудың жаңа тәсілдерін кәдеге жарату керек деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдегі эко­номикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз.

Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхбатында, осылайша, жақында елімізде  ауқымды өкілеттік берілген Инвестиция штабы құрылғаны туралы атап өтті. Ол  инвестициялық ахуалды жақсартып, жобаларды сапалы жүзеге асыруға бағытталған.  Екінші жағынан, Қазақстанда жүйелі реформаларды іске асыру бойынша шаралар қабылдануда. Бұл бағыттағы жұмыс экономиканың барлық саласына қатысты «ойын тәртібін» белгілейді. Бұл жерде мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Бюджет кодексі, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы қабылданған заңдар, және әрине, әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі туралы сөз болып отыр. Соңғысы инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мен мемлекеттік бюджетке түсімдер деңгейін қолдау арасында теңгерім қалыптастыруға көмектеседі.