Мәжіліс көлік саласында екі халықаралық келісімді қабылдады

Мәжіліс көлік саласында екі халықаралық келісімді қабылдады

Қазақстан мен Қырғызстан авиациялық құтқару саласында ынтымақтастық аясын нығайтуға ниетті. Ел Мәжілісі осыны көздейтін келісімді қабылдады. Мақсат апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен жеке құрамын іздестіру және құтқару ісінде жұмылу. Құжат қос елдің арнайы қызметтерінің  іс-қимылдарын үйлестіруге ықпал етпек. Бұған қоса, тараптардың бірлескен оқу-жаттығуларын өткізуге, сондай-ақ ақпарат және тәжірибе алмасуға негіз болады. Келісімде халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптары ескерілген. 

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Келісім бірлескен іздестіру-құтқару операцияларын жүргізудің нормативтік негізін анықтайды. Іздестіру және құтқару аудандарының шекарасын айқындайды. Келісімді іске асыруға жаупты құзыретті органдарды белгілейді. Сондай-ақ іздестіру операциясы кезінде бір-біріне көмектесу құқығын көздейді.

Мәжіліс Қазақстан мен Түркия арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді де ратификациялады. Құжат тараптардың транзиттік және сауда-экономикалық байланыстарын дамытуға бағытталған. Яғни, екі ел арасында авто, темір жол және су көлігімен орындалатын жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайту көзделген. Депутаттар жаңа келісім Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға да оң  әсерін тигізетініне сенім білдірді.