Президент Жапонияның ірі бизнес өкілдерімен кездесті

Президент Жапонияның ірі бизнес өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысы Токиода жапониялық ірі кәсіп өкілдерімен де кездесті. Нәтижесінде жалпы құны 3,7 млрд доллардан асатын 40 жуық келісім бекітілді. Онда энергетика, жаңартылатын қуат көздері, цифрландыру, тау-кен, көлік секілді негізгі салалар қамтылған. Сонымен, жапондық бизнес аккулалар Қазақстанда қандай жобаларды жүзеге асыруға ниетті? Асылбек Тойбектің репортажын көрейік.

Жапония Қазақстандағы он ірі инвестордың бірі. 1993 жылдан бері 7,9 млрд доллардан аса инвестиция құйған. Бұл сапардан кейін оның көлемі артпақ. Күншығыс елімен келісімдер дәстүрлі энергетикадан бастап баламалы қуат көздері, цифрлық технологиялар мен инновациялар, пайдалы қазбаларды бірлесіп өндіру және өңдеу, сондай-ақ инфрақұрылым мен логистика салаларында жасалды. Мәселен Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымы геологиялық барлау, аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, сондай-ақ табиғи ресурстарды орнықты басқару бағытта ынтымақтастық орнатуға ниетті.

Ичиро Такахара, Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының төрағасы (JOGMEC):

- Маңызды минералдарға қазір сұраныс жоғары. Жапония табиғи ресурстарға бай емес, бірақ дамыған өңдеу және өндіріс өнеркәсібі қалыптасқан. Қазақстанда аса маңызды минералдардың кең спектрі бар. Барлау және қайта өңдеу кезеңдерінде жапондық жеке компаниялар ел экономикасына инвестиция сала алады. Мен болашақта жапондық жеке компаниялармен ынтымақтастықтың осындай мүмкіндіктерін талқылауға ниеттімін.

Ал Komatsu компаниясы еліміздің тау-кен инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатыр. Президент компанияның Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады. Hitachi Construction Machinery компаниясының президентімен кездесуде қазақстандық тау-кен кәсіпорындарының жапондық компаниямен ынтымақтастығын кеңейту перспективасы қаралды. Президенттің пікірінше, алдағы уақытта кен орындарының қажеттілігі үшін өндіріс локализациясы мен құрал-жабдықтарды жөндеу ісіне басымдық беру маңызды.

Масафуми Сэнзаки Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті:

- Бізде Қазақстанда құрылыс жобалары саласында да, тау – кен өндіру секторында да өте ірі және табысты бизнес бар. Тау-кен өндіру саласында Eurasian machinery group компаниясымен жақсы ынтымақтастық орнаттық, оның 40 пайызы бізге, ал 60 пайызы қазақстандық компанияға тиесілі. Нәтижесінде біз тау-кен техникасы нарығында жетекші орынға ие боламыз. Қазақстанда бизнесті одан әрі дамытқым келеді, өйткені ол біздің құрылыс техникамыз үшін өте маңызды нарық.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Жапонияның ірі және ықпалды сауда-инвестициялық корпорацияларының бірі саналатын Sumitomo жетекшісімен кездесті. Шинго Уэно Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлескен жобаны іске асыру жайында мәлімет берді. Аталған жоба ядролық медицина саласында уран өнімдерінен ем-шараға қолдануға арналған радий изотоптар алудың ғылыми-негіздемелік әдістерін әзірлеуді қарастырады. Ал, Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунагамен кездесуде  компанияның Астанада күрделі жөндеу және құрал-жабдықтарды қайта қалпына келтіру бойынша өндірістік кешен құрылысына қатысу жоспары мақұлданды. Сондай-ақ өзара қызығушылық танытқан салалар қатарында аса маңызды минералдар, көлік-логистика, табиғи апаттардың алдын алуға арналған технологияны енгізу бағыттары бар.