QazVac-пен вакциналау 26 сәуірде басталады
Қазақстанда 26 сәуірде отандық QazVac препаратымен вакциналау басталады. Коронавирусқа қарсы қазақстандық екпенің алғашқы 50 мың дозасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларына жөнелтілді. Келесі 50 мың доза мамыр айында шығарылады деп жоспарланған. Әрі қарай вакцина өндірісі кезең-кезеңімен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылады деп жоспарланып отыр.
«Қазақстандық вакцинаны әзірлеу біздің елге коронавирустық инфекцияға қарсы өз вакцинасын әзірлеген әлемнің бес елінің қатарына кіруге мүмкіндік берді. Бұл халық денсаулығына ғана қатысты мәселе емес. Бұл биофармацевтикада іс жүзінде заманауи технологияларды қолдану мен отандық ғылым әлеуетінің айғағы болып, мемлекет беделін айшықтап тұр», – деді комиссия төрағасы, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов.
Авторы: Әсел Күшенғалиева