Ресей актрисасы Димаш Құдайбергенді сомдады
Дүлділ Димаштың бірегей дауысын қайталау мүмкін емес. Мұндай пікірді ресейлік шоуда тележүргізуші Максим Галкин айтты. Танымал қазақстандық әншінің образын актриса Валерия Ланская қайталауға тырысқан еді. Бағдарламада ол Димаштың «Любовь уставших лебедей» атты хит әнін орындады. «Сырт көз – сыншы» демекші, Галкин қатысушыға өте күрделі образды қайталауға тырысқанын айта келе, оның дайындаған нөмірін сәтсіз деп бағалады.
Максим Галкин, тележүргізуші:
- Жанкештінің нағыз өзі екенсің! Бірақ бұл орындауың өте сәтсіз шықты, ренжімеңдер. Жоғары ноталарды ала алғандықтан ғана бұл әнді қорлауға болмайды. Димаш – өте керемет әнші. Мен сырттай сенің бұл әнді, ноталарды қалай орындап шығатыныңа уайымдап отырдым.
Тележүргізуші Димаш Құдайбергеннің керемет орындаушы екенін айтып, бұл бейненені ешкімге қайталамауға кеңес берді. Максим Галкиннің пікірінше, қазақстандық әнші өз дауысын толықтай қолдана алады. Ол мәселе Димаштың 5 октаваны игере алғанында емес, оның октаваларды бір көтеріп, бір түсіріп, еркін қолдана алатынында екеніне тоқталды. Десек те бағдарламада қазылар алқасының басқа мүшелері мен әлеуметтік желі қолданушылары Валерия Ланскаяның өнерін жоғары бағалады.