Сақ жәдігерлері Ұлыбритания музейінде көрсетіледі

Сақ алтындары Еуропада таныстырылады. ШҚО-дағы ежелгі сақ қорымдарынан табылған 300-ге жуық алтын артефакт Ұлыбританияда көрсетіледі. Қыркүйек айында Кембридж қаласында орналасқан Фицуильям музейінде «Ұлы дала алтыны» деп аталатын көрме ашылады. Онда көшпенділердің мыңжылдық тарихы бар алтын әшекейлері, сақтар ақсүйектерінің шапандары, аң стиліндегі киімдегі алтын жапсырмалар мен алтын бисерден жасалған моншақтар ұсынылатын болады. Зергерлік бұйымдар мен көркемдік шеберліктің кейбір үлгілері де қойылады. Бұл олжалар Берел, Шілікті және Елеке Сазы қабір кешендерінен жылдар бойы жиналған, ал оларды қалпына келтіруге тағы бірнеше жыл кеткен.

Айта кетейік, қазақстандық зерттеушілердің еңбектерін шетелдік әріптестер бағалап үлгерді. Guardian мен Daily Mail басылымдарында қазақстандық экспозициялар таныстырылды.

Әлфия Бақбаева, Өскемен қаласы тарихи-өлкетану мұражайының тарихшысы:

- Қазірдің өзінде шетелдіктер газеттерде жариялап, суреттерін салып, ерекшелігін сұрап жатыр. Кембридждегі бұл экспозицияның мәні – адамдарға өркениеттің, мемлекеттің болғанын және осы тайпалардың, көшпенділердің сол заманның өзінде алтынның не екенін, алтын құюды білгенін көрсету.